Қазақстандағы қант қоры үш айдан кейін таусыла ма – АШМ өкілі жауап берді

0
534

Соңғы бес күн ішінде бір ғана «Магнум» сауда нүктелерінде 550 тонна қант сатылған.


Қазақстандағы қант қоры үш айдан кейін таусыла ма – АШМ өкілі жауап берді

ERNUR.KZ. Ішкі нарықта қант тапшылығы жоқ. Бұл туралы бүгін ОКҚ алаңында өткен брифингте Ауыл Шаруашылығы министрлігінің өкілдері мәлім етті, деп жазады Azattyq Rýhy.

«Жалпы есеп бойынша, елімізде 90 мың тонна қант бар. Оның 38 мыңы тұрақтандыру қорлары мен сауда нысандарында, қант зауыттарында – 47 мың тонна, Азық-түлік келісімшарт корпорациясының қорында 2,5 мың тонна қант бар. Соңғы кездегі қант тапшылығы туындайды деген ақпарат негізсіз. Қазіргі қолдағы бар қанттың көлемі есебінен және ЕЭО шешіміне сәйкес 250 мың тонна БАЖЖ салығынан босатылатын қант көлемінің арқасында ішкі нарықты осы жылы толықтай қантпен қамтамасыз ете аламыз»,- деді Ауыл шаруашылығы министрлігінің өкілі Назгүл Хатепова.

Сауда комитетінің басшысы Ержан Қалдыбайұлы нарықтағы бағаның өсуіне халықтың сауда нүктелерінен жаппай қант алуы әсер етіп кеткенін алға тартты.

«Сұраныс жоғарылаған сайын қант бағасы өсуде. Біздің мәліметтер бойынша, соңғы 5 тәулікте «Магнум» сауда орталығында 540-550 тонна қант сатылған, ал бұрын 5 тәулікте орта есеппен 170 тонна ғана қант сатылатын. Жаппай сатылым орын алғаннан кейін қант бағасы өсті. Жергілікті атқарушы органдар Бәсекелестікті қорғау агенттігімен бірлесіп, бағаны көтерген кәсіпкерлерді тексеріп, тиістті шара қолдана алады. Аталған шаралар қабылданған соң баға тұрақталады. Баға өсімі көтерілгенін байқаған болсаңыздар – жергілікті атқарушы органдарға, Сауда комитеті мен мен Бәсекелестікті қорғау агенттігіне хабарласыңыздар»,- деді Ержан Қалдыбайұлы.

БНС деректері бойынша өткен аптада әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағасы 0,2% - ға өсті. Бәрінен бұрын қырыққабат 1,6% – ға, қант 0,6% - ға және картоп 0,5% - ға қымбаттаған. Өңірлер бөлінісінде бір апта ішінде бағаның ең жоғары өсуіне Маңғыстау облысында 0,8% - ға, Қостанай және Қызылорда облыстарында 0,4% - ға жол берілген. ФДО мәліметтері бойынша бір аптадағы баға 0,6% - ға өсті.