Қазақстандағы перзентханалар тексерілді: ондаған ұйымнан кемшілік анықталды

0
112

29 медициналық ұйымда дезинфекциялық-стерилизациялық режим бұзылған.


Қазақстандағы перзентханалар тексерілді: ондаған ұйымнан кемшілік анықталды

Фото: ҚР Денсаулық сақтау министрлігі Telegram

ERNUR.KZ. Денсаулық сақтау министрлігі елдегі босандыру ұйымдарының 84 нысанының 82-сінде тексеру жұмыстарын аяқтады, деп жазады inbusiness.kz.

Оның ішінде 35 перинаталдық орталық пен 47 босандыру бөлімі бар.

Тексеру барысында мамандар медициналық ұйымдардағы инфекциялық қауіпсіздік талаптарының сақталуын бағалады. Атап айтқанда, стерилизация және дезинфекция жұмыстары, желдету мен сумен жабдықтау жүйелерінің жағдайы, инфекцияларды анықтау және инфекциялық бақылау қызметтерінің жұмысы тексерілді.

Сонымен қатар зертханалық зерттеулер жүргізіліп, медициналық көмек көрсетудің нақты жағдайлары бағаланды.

Тексеру нәтижесінде 81 санитариялық нұсқама берілді. 29 медициналық ұйымда дезинфекциялық және стерилизациялық режимнің бұзылғаны анықталды. Қауіптерді жедел жоюды қажет ететін жағдайлар бойынша тиісті шаралар қабылданды.

Денсаулық сақтау бірінші вице-министрі Тимур Сұлтанғазиев өңірлердің денсаулық сақтау басқармаларына берілген нұсқамалардың орындалуын ай сайын бақылауды тапсырды. Сондай-ақ босандыру ұйымдарының санитариялық-техникалық жағдайын белгіленген талаптарға сәйкестендіру міндеттелді.

Бұдан бөлек, инфекциялық бақылау қызметтерін кадрлармен қамтамасыз етуді күшейту, инфекциялардың алдын алу бағдарламаларын жаңарту және медициналық ұйым басшыларының жеке жауапкершілігін арттыру тапсырылды.

"Біздің міндетіміз – тек бұзушылықты тіркеп, нұсқама беру емес. Бір айдан кейін біз қайта келіп, нақты нәтижені көруіміз керек. Егер ескерту анықталса, ол жойылуы тиіс. Пациенттің қауіпсіздігі есептермен емес, медициналық көмек көрсетудің нақты жағдайларымен расталуы керек", – деп атап өтті Тимур Сұлтанғазиев.

Келесі кезеңде балалар ауруханаларында тексеру жүргізіледі. Одан кейін медициналық-санитариялық алғашқы көмек ұйымдары да тексеріледі.