«Dayar 20» арқылы кептірілген өнімдер дәмін, түсін, иісін, пішінін және құрамындағы дәрумендерін сақтай отырып, ұзақ уақытқа жарамды болып қала береді.
Фото: Ғылым және жоғары білім министрлігі
ERNUR.KZ. Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің ғалымдары фермерлік өнімдерді өңдеуге арналған «Dayar 20» атты мобильді лиофилизациялық қондырғы жасап шығарды, деп жазады inform.kz.
Бұл заманауи құрылғы ауыл шаруашылығы өнімдерін табиғи қалпында сақтап, олардың сапасын жоғалтпай, ұзақ уақыт бойы тұтынуға мүмкіндік береді. Қондырғыны тікелей егіс алқабында, бау-бақшада немесе шалғай фермаларда қолдануға болады.
Жоба жетекшісі, химия ғылымдарының PhD докторы Ербол Ихсановтың айтуынша, лиофилизация немесе сублимациялық кептіру – бұл мұздатылған өнімнен суды төмен қысымда буландырып, оның табиғи құрылымы мен пайдалы қасиеттерін сақтайтын озық технология.
«Dayar 20» арқылы кептірілген өнімдер дәмін, түсін, иісін, пішінін және құрамындағы дәрумендерін сақтай отырып, ұзақ уақытқа жарамды болып қала береді. Қондырғы жеміс-жидек, көкөніс, ет, сүт өнімдері, дайын тағамдар мен балықты жоғары сапада кептіре алады.
Ихсановтың айтуынша, құрғақ өнімдерді арнайы тоңазытқышсыз бөлме температурасында 1 жылдан 3 жылға дейін, ал арнайы қаптамамен 10 жылдан 50 жылға дейін сақтауға болады.
«Dayar 20» – фермерлер үшін сенімді көмекші ғана емес, сонымен қатар агроөнеркәсіптік кешен мен қайта өңдеу саласын жаңғыртуға жол ашатын технологиялық серпіліс. Бұл құрылғы, әсіресе, таулы және шалғай өңірлердегі шаруашылықтар үшін тиімді шешім болмақ. Ғалымдар бұл инновация ауыл шаруашылығы өнімдерінің экспорттық әлеуетін арттырып, азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етуге нақты үлес қосады деп отыр.