Қазақстандық оқушылар әлемнің үздік жас химиктері: IChO-2025 олимпиадасында төрт медаль иеленді

0
118

Олимпиада 5-14 шілде аралығында Біріккен Араб Әмірліктерінде өтті.


Қазақстандық оқушылар әлемнің үздік жас химиктері: IChO-2025 олимпиадасында төрт медаль иеленді

ERNUR.KZ. Оқушылар арасындағы ең беделді халықаралық пәндік олимпиадалар басталды: IChO, IPhO, IMO, IBO, IGeO, IOL, IOІ. Бұл маусымды Қазақстан оқушылары жақсы жаңалықпен бастады. Халықаралық химия олимпиадасында (International Chemistry Olympiad, IChO-2025) еліміздің атынан қатысқан төрт оқушының бәрі жүлдеге ие болды, оның екеуі – алтын медаль, деп хабарлайды ҚР Оқу-ағарту министрлігі.

Олимпиада 5-14 шілде аралығында Біріккен Араб Әмірліктерінде өтті. Әлемнің 93 елінен 360-тан астам оқушы қатысқан бұл зияткерлік додада Қазақстан ұлттық құрамасындағы төрт оқушы тамаша нәтиже көрсетіп, еліміздің жас химиктерінің көшбасшылық мәртебесін тағы бір мәрте дәлелдеді.

I орын — Кирилл Ким, Астана қаласындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің 12-сынып оқушысы;

I орын — Абылай Кабдулхадыр, Астана қаласындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің 12-сынып оқушысы;

II орын — Еңлік Бақытбекова, Алматы қаласындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің 12-сынып оқушысы;

II орын — Аңсар Жақсылықов, Ақтөбе облысындағы «Білім-инновация» лицейінің 10-сынып оқушысы.

Ұлттық құрамаға ғылыми жетекшілік еткендер: Санжар Бегдаир – Korea Advanced Institute of Science and Technology (KAIST) магистранты, халықаралық және республикалық олимпиадалардың жеңімпазы; Ринат Илюсизов – бірнеше мәрте халықаралық және республикалық олимпиада жеңімпазы.

ҚР Оқу-ағарту министрлігіне қарасты «Дарын» республикалық ғылыми-практикалық орталығының қолдауымен, ұлттық құрама бірқатар халықаралық оқу-жаттығу жиындарына қатысып, биылғы оқу жылында еуропалық және халықаралық олимпиадаларда 100% нәтиже көрсетіп үлгерді.

Анықтама: Бұл Олимпиада әлемдегі ең беделді жеті халықаралық олимпиадалардың қатарына енеді. Қазақстан Республикасы Президентінің тапсырмасы негізінде алтын медаль үшін – 1 500 АЕК, күміс медаль үшін – 1 000 АЕК, қола медаль үшін – 500 АЕК көлемінде ақшалай сыйақы қарастырылған. Жетекші ұстаздарға да ынталандыру төлемдері көзделген. Былтыр IChO-2024 олимпиадасында қазақстандық оқушылар 2 алтын, 1 күміс және 1 қола медаль жеңіп алған болатын.