10-18 жастағы кез келген адам қатыса алады.
Sputnik / Сергей Бобылев
ERNUR.KZ. Қазақстандық оқушылар 9 мамырда Мәскеуде өтетін Жеңіс шеруіне бара алады. Бұл туралы 1941-1945 жылдардың Ұлы Отан соғысындағы Жеңістің 80 жылдығын ұйымдастыру комитеті хабарлады, деп жазады sputnik.kz.
Жеңіс шеруіне бару үшін "Ұлы Жеңіс" тақырыбындағы Бүкіләлемдік оқушылар олимпиадасында жеңіске жету керек. Оған 10-18 жастағы кез келген адам қатыса алады.
Олимпиада тапсырмаларына эрудиция мен тарихты білуге арналған сұрақтар кіреді. Оған орыс және ағылшын тілдерінде жауап беруге болады. Соның арқасында олимпиадаға қатысатын елдердің ауқымы кеңейіп отыр.
Сондай-ақ, олимпиада қатысушылары арнайы шығармашылық конкурсқа қатыса алады. Байқаудың екі аталымы бар. Олар:
"Жеңіс суреті" шығармашылық жобасы. Оған қатысушы өз отбасының қаһармандарының суретін салып жіберуі керек.
"Жас қолбасшы" шығармашылық жұмысы. Оған қатысатындар Ұлы Отан соғысының ұлы қолбасшысы туралы шығармашылық жұмыс жазуы керек.
"Ұлы Жеңіс" тақырыбындағы Бүкіләлемдік оқушылар олимпиадасының офлайн-турының барлық жеңімпаздары 9 мамырда Қызыл алаңда өтетін Жеңіс шеруіне қатыса алады. Сондай-ақ, олимпиадада жеңіске жеткендерге естелік сыйлықтар табысталады.