Инновациялық технологиялар паркі Skillbox-тың Lerna платформасымен, Udacity және Яндекс Практикуммен бірлесіп қазақстандықтар үшін жасанды интеллект негіздері бойынша тегін курстар әзірледі.
ERNUR.KZ. Олар қазақ және орыс тілдерінде қолжетімді. Оқытудан өтуі үшін Astana Hub қосымшасын жүктеу қажет. AI movement арнайы бөлімінде барлық ақпарат пен сілтемелер бар. Қазақстандықтар қызығушылық танытатын курсты таңдап, оқудан өтіп, сертификат ала алады. Бұл туралы ОКҚ алаңында өткен баспасөз мәслихатында «Инновациялық технологиялар паркі» АКҚ басқарушы директоры Валерия Те мәлімдеді.
Бұл оқудан кейін жұмысқа тұруға немесе стартап бастауға болады. Спикер стартапердің жолын неден бастау керектігін түсіндірді.
«Ол үшін Хакатонға қатысу керек. Қыркүйек айында ең ірі «Decentrathon» мультилокациялық хакатоны өтеді. Біз оны төртінші рет ұйымдастырамыз. Ол университеттер базасында офлайн форматта өтеді. Іс-шарамен бүкіл ел бойынша 2,5 мыңға жуық қатысушы қамтылады. Бұл – 48 сағатқа созылатын стандартты хакатон. Жеңімпаздар қазан айының басында Digital Bridge форумында марапатталады. Сондай-ақ олар қомақты қаржылай сыйлық алады», – деді Валерия Те.
Спикер атап өткендей, ниет білдірушілерде стартап, команда, идея болмаса, бірақ олар белгілі бір саланың мамандары болса, онда бұл азаматтар AIpreneurs акселерациялық бағдарламасына қатыса алады. Бұл – АІ-стартаптарын әзірлеуге арналған жаңа бағдарлама, оның аясында топ құрып, идея ойлап тауып, шешімнің прототипін жасау мүмкін. Қатысушыларға трекерлер, менторлар, есептеу қуаттары, деректер жиынтығы беріледі. Олар қаржыландыру және тұрғын үймен қамтамасыз етіледі.