Қазақстандықтардың шетелдіктерге суррогат ана болуына тыйым салу ұсынылды

0
135

​Қазақстанда суррогат ана болу әйелдерді қылмыстық жолмен пайдалану мен балалар саудасына қатысты қауіп тудырып, сондай-ақ заңсыз донор арналарының қалыптасуына ықпал етеді.


Қазақстандықтардың шетелдіктерге суррогат ана болуына тыйым салу ұсынылды

Фото: Ru.freepik.com

ERNUR.KZ. Осындай пікір айтқан мәжіліс депутаты Гүлдара Нұрымова бірқатар шаралар қабылдап, соның ішінде қазақстандық суррогат аналардың қызметін шетел азаматтарына көрсетуге тыйым салуды ұсынды, деп жазады stan.kz.

"Суррогат ана болу қызметіне тапсырыс берушілер Қазақстан азаматтары да, шетелдіктер де бола алады. Халықаралық суррогат аналық жағдайларында ата-аналықты анықтау, азаматтық беру және баланы заңды түрде тану мәселелеріне байланысты даулар мен сот процестері жиі туындайды. Ең үлкен қауіп ата-аналықтың өзара танылмауы, бұл баланың азаматтығы болмауына немесе құқықтық мәртебесінің белгісіз болып қалуына әкелуі мүмкін”, – деді депутат премьер-министрдің орынбасары – Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаеваға жолдаған депутаттық сауалында.

Нұрымованың пікірінше, реттеудің салыстырмалы түрде жеңіл болуы Қазақстанды репродуктивтік туризм үшін тартымды елге айналдырып отыр. Себебі көршілес елдердің көпшілігінде (Ресей, Қытай), сондай-ақ бірқатар дамыған мемлекеттерде (Германия, Франция) суррогат аналыққа толық тыйым салынған немесе коммерциялық СА-ға, сондай-ақ шетелдіктерге қызмет көрсетуге қатаң шектеулер қойылған.

“Трансшекаралық суррогат аналықтың бақылаусыз дамуына тап болған Грузияның тәжірибесі бұл қауіптердің шынайылығын көрсетеді. Қаржылық қиындықтарға байланысты жас әйелдердің суррогат ана бағдарламаларына қатысуы жаңа туған баламен қоштасуға байланысты ауыр психологиялық салдарлар мен жарақаттар қаупін тудырады. Қомақты қаржы айналымы балалардың тауарға айналу қаупін күшейтеді, ал әлеуметтік тұрғыдан осал топтарды қанау адам саудасының жаңа түрі ретінде бағалануы мүмкін”, – деді Гүлдара Нұрымова.

Оның айтуынша, кейінгі үш жылда шетелдік агенттіктердің қазақстандық ЭКО-клиникалармен ынтымақтастыққа белсенді қызығушылық танытуы қазақстандық әйелдердің биоматериалын коммерциялық мақсатта әдейі пайдалану бар екенін көрсетеді. Бұл ретте әйелдер денсаулығына төнетін қауіпті әрдайым толық түсіне бермейді, ал бұл ұлт саулығына зиян келтіруі мүмкін.

Шетелдік агенттіктердің қызметі уәкілетті мемлекеттік органдар тарапынан реттелмейді және бақылауға алынбаған, себебі олар медициналық ұйым болып саналмайды. Мұндай бақылаусыздық нәрестелерді заңсыз саудалау арналарының пайда болу қаупін арттырады.

Нұрымова клиникалар мен агенттіктерді міндетті түрде лицензиялау және олардың ашық тізілімдерін жариялау қажет екенін ұсынды. Сондай-ақ суррогат ана болушылар арасындағы нотариалды келісімшарттарды цифрлық құралдар арқылы есепке алу және оларды нотариаттық кеңселердің ақпараттық жүйелеріне интеграциялау жөнінде шаралар қабылдауды ұсынды.

“Қазақстан аумағында суррогат ана болу қызметін еліміздің азаматтарына ғана көрсету мәселесін қарастыру қажет. Бұл шара репродуктивтік туризмнің салдарынан қорғау мақсатында қатаң шектеулер енгізген немесе шетел азаматтарына қызмет көрсетуге тыйым салған, не өз азаматтарына басымдық берген елдердің тәжірибесіне сәйкес келеді”, – деді депутат.