Еңбек министрі облыс әкімдіктерінен әлеуметтік кәсіпкерлікті дамытуға ерекше назар аударуды сұрады.
ERNUR.KZ. "Еңбек" мемлекеттік бағдарламасы аясында көпбалалы және тұрмысы төмен отбасылардан шыққан азаматтарға жылдық мөлшерлемесі 4%-тен аспайтын микрокредит беріледі. Бұл туралы еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Біржан Нұрымбетов мәлімдеді, деп жазады Sputnik Қазақстан.
Министр "Еңбек" бағдарламасының бірқатар тетігі жетілдірілгенін атап өтті.
"Көпбалалы және табысы аз отбасынан шыққан азаматтарға жеті жылға дейінгі мерзімге жылдық мөлшерлемесі 4%-тен аспайтын жеңілдетілген микрокредит беріледі", - деді Нұрымбетов еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің кеңейтілген алқа отырысында.
Сонымен қатар, енді қысқа мерзімді оқыту төртжақты келісімшарт жасау арқылы тек жұмыс берушілер өтінімі бойынша жүргізіледі. Бұдан бөлек, жастарды тұрақты жұмысқа орналастыру үшін "Алғашқы жұмыс орны" және "Ұрпақтар келісімшарты" жаңа тетіктері енгізіліп отыр.
"Әлеуметтік кәсіпкерлікті дамытудың, оның ішінде табысы аз және көпбалалы отбасылар арасында дамытудың маңызы зор. 2019 жылы бес өңірде 204 отбасын қамтыған "Менің кәсібім" жобасы басталды. Биыл "Жасыл экономика" коалициясымен бірлесіп, атаулы әлеуметтік көмек алушыларға қолдау көрсету жобасын іске асыруды жоспарлап отырмыз», - деді ол.
Министр облыс әкімдіктерінен әлеуметтік кәсіпкерлікті дамытуға ерекше назар аударуды сұрады. Нұрымбетовтың айтуынша, "Еңбек" мемлекеттік бағдарламасының еңбек нарығына қосып отырған үлесі зор.
"Егер де бағдарлама болмаса, жұмыссыздық деңгейі қазір 4,8%-ті емес, 7,9%-ті құрайтын еді", - деді ведомство басшысы.