Қазақстанның 276 елді мекенін су басу қаупі бар - ҚР ТЖМ

0
2 054

Аталған аймақтарда 270 мыңнан астам адам тұрады.


Қазақстанның 276 елді мекенін су басу қаупі бар - ҚР ТЖМ

ERNUR.KZ. Ауа райының жағдайына байланысты Батыс Қазақстан, Алматы, Атырау, Қостанай, Ақмола, Қызылорда, Шығыс Қазақстан, Ақтөбе, Солтүстік Қазақстан және Түркістан облыстарының 276 елді мекенін су басу қаупі жоғары, деп жазады ҚазАқпарат.

Аталған аймақтарда 270 мыңнан астам адам тұрады.

«Қазгидромет» берген мәліметтер бойынша ылғал қорының көлемі Ақмола облысындағы Шағалалы өзені бассейнінде нормадан 105%-ға, Солтүстік Қазақстан облысындағы Есіл өзені бассейнінде 98% - ға (Сергеев су қоймасына ағысы), Ақтөбе облысындағы Елек өзені бассейнінде 97% - ға (Ақтөбе су қоймасына ағысы), Қарағанды облысындағы Нұра өзені бассейнінде 37% - ға (Самарқанд су қоймасына ағысы), Қарағанды облысындағы Сарысу өзені бассейнінде 31% - ға, Қостанай облысындағы Тоғызақ өзені бассейнінде 20% - ға, Қостанай облысындағы Аят өзені бассейнінде 18% - ға (Каратомар суқоймасына ағысы), Батыс Қазақстан облысындағы Утва өзені бассейнінде 12% - ға, Қостанай облысындағы Тобыл өзені (Жоғарғы Тобыл су қоймасына ағысы), Ақмола облысындағы Сілеті өзені бассейндерінде 8% - ға (Сілеті су қоймасына ағысы) жоғары.

Топырақтың қату тереңдігі Батыс Қазақстан (+53 см), Солтүстік қазақстан (+70 см), Қарағанды (+32-ден +66 см), Ақмола (+23-тен +84 см), Қостанай (+19-дан +97 см), Ақтөбе (+74-тен +92 см) облыстарының өткен жылғы көрсеткіштерінен артық.

Қар еру процесі жалғасуда. Еліміздің 69% аумағын қар басып жатыр: Атырау облысында – 20%, Қызылорда облысында – 29%, Түркістан облысында – 37%, Алматы облысында – 52% құрайды. Жамбыл – 74%.

Қызылорда облысындағы Сырдария өзендерінде және Алматы облысындағы Іле өзенінің сағасында, Шығыс Қазақстан облысындағы Ертіс өзенінде, Атырау облысындағы Жайық өзенінде мұз қатудың әлсіреу процесі жүріп жатыр, бұл су кептелісіне әкелуі мүмкін.

«Сонымен қатар, тәулік ішінде жауын-шашынның айлық нормасы түсуі мүмкін, бұл су тасқыны құбылыстарына әкелуі мүмкін екенін атап өткен жөн. Бұл ретте, жағдайды топырақтың терең қатуы және күзгі батпақтану, қар қоры нормаларының асып кетуі, сондай-ақ ауа температурасының күрт көктемгі көтерілуі қиындатуы мүмкін»,-делінген хабарламада.