Қазақстанның қай қалаларында шетелдік оқу орындарының филиалдары ашылады?

0
649

2021 жылдың қыркүйек айында Алматыда британдық "Де Монтфорт Лестер" (De Montfort University Leicester) университетінің филиалы ашылды.


Қазақстанның қай қалаларында шетелдік оқу орындарының филиалдары ашылады?

ERNUR.KZ. Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов Қазақстанның қай қалаларында шетелдік оқу орындарының филиалдары ашылатынын айтты, деп жазады Stan.kz.

2021 жылдың қыркүйек айында Алматыда британдық "Де Монтфорт Лестер" (De Montfort University Leicester) университетінің филиалы ашылды. Қазіргі уақытта Манаш Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан университетін Аризона университетінің (University of Arizona) басқармасына өткізу бойынша жұмыстар жүріп жатыр.

"Кемі бес шетелдік беделді университеттің филиалын ашу тапсырылды. Қазіргі уақытта біз Ресейдің үздік техникалық оқу орындарының филиалдарын ашу бойынша келіссөздер жүргізіп жатырмыз. Сондай-ақ, тағы бір британдық университетті ашу бойынша келіссөздер жүруде", - деді Аймағамбетов үкімет отырысында сөйлеген сөзінде.

Білім және ғылым министрлігінің баспасөз қызметі берген ақпаратқа сәйкес, алматылық De Montfort University Leicester оқу ордасында студенттер "Бизнес және басқару", "Құқық", "IT және ақпараттық қауіпсіздік", "Байланыс пен телекоммуникация" мамандықтары бойынша білім ала алады.

Петропавлда ашылатын University of Arizona-да "Білім беру мен әлеуметтік ғылымдар", "Экономика", "Жаратылыстану ғылымдары", "Агротехника" мен "Инженерия" салалары бойынша білім ала алады.
Сондай-ақ, үкімет отырысында шетелдік оқу орындарының филиалдары Атырау, Ақтау, Алматы және Нұр-Сұлтан қалаларында ашылатыны белгілі болды. Әзірге оқу орындары нақты аталмады. Есесіне студенттердің қай бағытта білім алатыны белгілі.

Атырауда – "Мұнайгаз ісі", "Технологиялық машиналар мен құрылғылар", "Техносфералық қауіпсіздік", "Мұнайгаз химиясы", "Геология".

Ақтауда – "Инженерия", "Теңіз транспорты", "Мұнайгаз химиясы", "Энергетика", "IT-инженерия", "Теңіз техникасы мен технологиясы".

Алматыда – "Ядролық физика және энергетика", "IT", "Электроника және наноэлектроника", "Машина жасау", "Жылу энергетикасы және жылу техникасы".

Нур-Султанда – "Инженерия және физикалық ғылымдар", "Өмір жайлы ғылым", "Математикалық ғылымдар", IT.
Айта кетейік, елімізде шетелдік беделді университеттердің филиалын ашу туралы тапсырманы мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев берді. Ол әсіресе, техникалық мамандықтарға басымдық берілетінін айтты.