Бейбітшілік, қауіпсіздік пен даму өзара тығыз байланысты.
ERNUR.KZ. Қазақстан Терроризмнен ада әлемге қол жеткізу кодексін жүзеге асыру үшін белсенді еңбек етіп келеді, деп жазады «Хабар 24».
Еске сала кетейік, еліміз БҰҰ Қауіпсіздік кеңесінің тұрақты емес мүшесі болған кезде Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен бұл құжатты дайындап шығарған болатын. Кодекстің басты мақсаты - лаңкестікке қарсы кең халықаралық коалицияны құру және 2045 жылы атап өтілетін БҰҰ-ның 100 жылдығына қарай әлемді терроризм қаупінен ада ету болып тұр. Қазақстан ұйымдастырған «Терроризмнен ада әлемге жету үшін дамушы елдер арасындағы синергия және 2030 жылға дейінгі Тұрақты дамудың күн тәртібі» атты мәжілісі барысында Африкалық Одақтың БҰҰ жанындағы тұрақты өкілі Фатима Мохаммед лаңкестікпен күреске еліміздің қосып жатқан үлесіне жоғары баға берді.
- Кездесу тақырыбы Африкалық Одақ үшін өте маңызды. Мәселен, ұйымымыз алғашқылардың бірі болып терроризм құрбандарына назар аударған. Оларды тілге тиек еткенде, осы қатердің түпкі себептерін ашу керек. Бейбітшілік, қауіпсіздік пен даму өзара тығыз байланысты. Осыған қатысты айтарым, Африкадан шыққан содырлар қоғам дамуындағы кемшіліктердің кесірінен лаңкестер қатарына қосылып отыр. Сондықтан бейбітшілік пен қауіпсіздік мәселелерін тұрақты дамумен байланыстыру біз үшін өзекті болып отыр, - дейді БҰҰ жанындағы Африкалық Одақтың тұрақты өкілі Фатима Мохаммед.