«ҚазАвтоЖол» компаниясының қызметкерлері автожолдарда 47 млн текше метр қар тазартты

0
101

2025-2026 жылдардың қысқы кезеңі күрделі ауа райымен ерекшеленді.


«ҚазАвтоЖол» компаниясының қызметкерлері автожолдарда 47 млн текше метр қар тазартты
ERNUR.KZ. Елдің солтүстік және орталық өңірлерінде температура жиі нөлден жоғары және төмен ауысып отырды. Мұндай кезеңдер 18-25 күнге созылып, әр 3-5 күн сайын қайталанды. Бұл жағдай жолдарды күтіп-ұстау жұмыстарын қиындатып, көктайғақ пен қар үйінділерінің пайда болуына әсер етті. Осы орайда қозғалысқа 1 994 шектеу қойылды. «ҚазАвтоЖол» ҰК» АҚ басқарма төрағасы Дархан Иманашев ОКҚ алаңында өткен баспасөз конференциясында хабарлағандай, бұл көрсеткіш 2024 жылмен салыстырғанда 2,5 есе көп.
«Қауіпсіз қозғалысты қамтамасыз ету үшін 3 073 бірлік техника жұмылдырылды. Соған қарамастан жол қызметтері автожолдардың үздіксіз жұмысын қамтамасыз етті. Қыс мезгілінде шамамен 386 мың текше метр көктайғаққа қарсы материал пайдаланылды. 711 мың автокөлікке сүйемелдеу қозғалысы ұйымдастырылып, 2,4 мың азаматқа көмек көрсетілді. Салыстыру үшін, 2024–2025 жылғы қыста 452 мың автокөлікке сүйемелдеу қозғалысы ұйымдастырылып, 8,2 мың адамға көмек көрсетілген. Сонымен қатар 47 млн текше метр қар тазартылды», – деді ұлттық компания басшысы.

Қазір жолдардың сапасын жақсарту және қауіпсіздігін арттыруға бағытталған кешенді бағдарлама жүзеге асырылуда. Биыл 176,5 мың шаршы метр аумақта шұңқырларды жөндеу, 24 мың шақырымнан астам жолға таңба салу, сондай-ақ 10,7 мың шаршы метрден астам аумақта жолдағы ақауларды жою жоспарланған.

Сонымен қатар 24 мыңнан астам жол белгісін орнату және жаңарту, шамамен 5 мың сигналдық бағана және 2,8 мың бойлық метрден астам қоршау орнату көзделген.

Бұдан бөлек, жалпы ұзындығы 3 700 шақырымды құрайтын автожолдарда орташа жөндеу жұмыстары басталды. Олар Жетісу, Алматы, Жамбыл және Түркістан облыстарының аумақтарында жүргізіліп жатыр. Негізгі жұмыстар оңтүстік өңірлерде 15 мамырға дейін, ал орталық және солтүстік өңірлерде 1 маусымға дейін аяқталады деген жоспар бар.

Д.Иманашевтың пайымдауынша, қабылданып жатқан шаралар автожолдардың тұрақты жұмысын қамтамасыз етуге, су тасқыны тәуекелдерін азайтуға және жол қозғалысы қауіпсіздігін арттыруға мүмкіндік береді. Бүгінде республикалық автожолдардағы жағдай тұрақты бақылауда, жол қызметтері тәулік бойы жұмыс істейді. Жол пайдаланушыларға 1403 байланыс орталығы қолдау көрсетеді.