"Қазір ұят деген ұғым жоқ, өмір мен өлім ғана бар": Бас санитар әріптесінің қазасына орай көңіл айтты

0
761

Айжан Есмағамбетова қазақстандықтарды карантин талаптарын сақтауға шақырды.


ERNUR.KZ. Бас мемлекеттік санитар дәрігер Айжан Есмағамбетова әріптесі Қайрат Баймұхамбетовтің қазасына орай көңіл айтып, деп жазады Azattyq Rýhy.


Есмағамбетова марқұммен 15 жыл бірге жұмыс істегенін жазды. Баймұхамбетов теміржол бекетінде СЭС қызметінің басшысынан тұтас облыстың бас санитарына дейін өскен еңбекқор жан деп еске алды Есмағамбетова.

«Күнде таңертең COVID-19-дан қаза тапқан адамдар туралы ақпаратты есігенде жүрегім езіледі. Бірақ, бүгін Алматы облысының Бас мемлекеттік санитары Қайрат Қажыманұлының қазасы аса ауыр тиді», - деп жазды ол.

Айжан Есмағамбетова марқұмның отбасы мен балаларына елдің санитарлық-эпидемиологиялық қызметі атынан көңіл айтқан. Сондай-ақ, қазақстандықтарға «ұят» ұғымын қоя тұрып, өмір үшін күресу керек екенін айтады.

«Құрметті отандастарым. Карантин талаптарын сақтаңыздар, өтінемін. Өздеріңізге қараңыздар. Той, құдалық, басқа да дәстүрлі шараларды өткізуге итермелейтін біздің белгілі «ұят» деген ұғымның қазір маңызы жоқ. Қазір тек өмір мен өлім бар. Адам өледі, одан кейін бәрі кеш», - деп жазды бас санитар.

Еске салайық, бүгін Алматы облысының бас мемлекеттік санитарлық дәрігері Қайрат Баймұхамбетов көз жұмды. Қайрат Баймұхамбетов 1964 жылы 16 қаңтарда Шығыс Қазақстан облысы Күршім ауданында дүниеге келген. 1991 жылы Қарағанды мемлекеттік медицина институтын «дәрігер гигиенист-эпидемиолог» мамандығы бойынша, 2006 жылы Шығыс Қазақстан аймақтық университетін бітірген. ҚР Президенті жанындағы Мемлекеттік басқару академиясында, Мемлекеттік қызметшілерге қосымша білім беру институтында біліктілігін арттырудан өткен.