Келесі жылдан бастап дәріханалар рецептті қағазсыз қабылдайды

0
1 522

Қазір елге әкелінетін препараттардың үштен бір бөлігі тегін беріледі. Министр енді оның саны ұлғаятынын айтты.


Келесі жылдан бастап дәріханалар рецептті қағазсыз қабылдайды

ERNUR.KZ. Келер жылдан бастап дәріханалар рецептілерді электронды форматта қабылдайды. Сол кезде дәрігер берген нұсқау қағазды 3 жыл сақтауға болады. Есептік кездесуінде баяндама жасаған Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов осылай деді, деп жазады Астана арнасы.

Бұл - халықаралық тәжірибе. Сарапшылардың айтуынша, көптеген елдегі дәрі-дәрмектердің жартысы көлеңкеде қалып отыр. Оның 10 пайыздай фальсификатор. Министр Қазақстандағы көлеңкелі айналым көлемі де белгісіз екенін айтты. Рецептілік бақылау науқастар қауіпсіздігі үшін қажет. Бүгінде 3 жарым миллион рецепті электронды түрде берілген. Қазір елге әкелінетін препараттардың үштен бір бөлігі тегін беріледі. Министр енді оның саны ұлғаятыны айтты.

«Барлық дәріханалар рецептіні 3 жыл сақтау керек деп шағымданады. Ия, бірақ келер жылы қағазсыз форматқа көшеміз деп отырмыз. Қазір ол қарастырылып жатыр. Оны сақтаудың қажеті болмайды, өйткені барлығы электронды форматта болады. Қазір ірі дәріханалар желісі бізбен жұмыс істеуге құлық танытып отырғанын айта кеткім келеді», - деді Елжан Біртанов.

Естеріңізге салайық, Қазақстан кәсіпкерлер және сервистік қызметтер қауымдастығының өкілдері рецептіні 3 жыл сақтау мүмкін емес деп, бұл жаңашылдыққа мораторий жариялауды сұрады. Фармацевтердің есебінше, күн сайын әр дәріханаға шамамен 200-300 адам рецепті бойынша дәрі алуға келеді.

Ал, елде 6 мыңнан астам препарат тек қана дәрігердің ұсынысымен қабылданатын көрінеді. Рецепті жоғалса 130-дан 200-ге дейін айлық есептік көрсеткіш көлемінде айыппұл төлеуі тиіс. Ал, екінші рет қайталанса, лицензияларынан айырылады.