Іс қалалық әкімшілік сотқа жолданып, тауар сатушыға 240 мың теңге көлемінде айыппұл салынды.
ERNUR.KZ. Атырауда азық-түлік қауіпсіздігіне мониторинг жасау кезінде шұжық өнімдерінің 48 сынамасының Кеден одағының техникалық регламенттерінің таңбалау жөніндегі талаптарына сай келмейтіндігі анықталды. Сонымен қатар, қалалық қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының санитарлық дәрігерлері «АЖ»-ға халал шұжықтан шошқа етінің табылғанын хабарлады, деп жазады «Ақ Жайық».
- Өндіруші шұжық өнімдерінде шошқа етінің бар екендігін көрсетпей, тұтынушыларды алдаған жағдай анықталды. Тауар туралы бұрмаланған немесе дұрыс емес мәліметтер оны жалған деп есептеуге негіз болады.
Санитарлық дәрігерлердің айтуынша, Куйшигулов В.Г. ЖК (РФ, Астрахан қ., 5-ші Керчь көшесі, 4, 23-литер) өндірген тоңазытылған «Сервелат Мусульманский» жартылай сүрленген шұжық» өнімінен өнім құрамында көрсетілмеген шошқа ДНК-сі анықталды.
Тексеру барысында Атыраудағы тауар өткізушінің бұл шұжықты өнім қауіпсіздігін және Кеден одағының талаптарына сәйкестігін растайтын құжаттарсыз сатқаны анықталды. Жеткізушінің жөнелтпе құжаттары да болмады.
Іс қалалық әкімшілік сотқа жолданып, тауар сатушыға 240 мың теңге көлемінде айыппұл салынды. Ал астрахандық өндірушіге қоғамдық денсаулық сақтау басқармасы өнім сапасына қатысты жазбаша талап жолдады.
- Өнімнің заттаңбасы мен таңбаламасы – тұтынушының тауардың сапасы мен қауіпсіздігін бағалай алатын ең бірінші, көбінесе, бірден бір атрибуты. Алайда мониторинг нәтижесі тауарлардың өз таңбаламасына сәйкес келе бермейтінін көрсетіп отыр. Мүліктік зияннан ғана емес, тұтынушылардың денсаулығына төнетін қауіптің алдын алу үшін азық-түлік өнімдерін олардың қауіпсіздігін растайтын құжаттармен бірге сатып алу және сату қажет, - деп ескертті мұнайлы астананың санитарлық дәрігерлері.