Жолаушылар пойыз жүргенге дейін 45 күн бұрын билетті базалық құнынан 58% арзанға ала алады.
ERNUR.KZ. «Жолаушылар тасымалы» АҚ мемлекетаралық пойыздардың жолаушыларына жеңілдіктер берілетінін мәлімдеді. Жеңілдігі бар билеттерді сату басталып та кеткен, деп жазады ҚазАқпарат.
Компанияның баспасөз қызметінен мәлім еткендей, жеңілдік беру науқаны 2019 жылдың 2 қаңтарынан 28 желтоқсанға дейін жалғасады. Жолаушылар пойыз жүргенге дейін 45 күн бұрын билетті базалық құнынан 58% арзанға ала алады.
Ал пойыздың жүру уақыты жақындаған сайын, бос орындардың азаюына байланысты, билеттің бағалары да қымбаттай түседі. Жеңілдіктер пойыздың жолға шығар уақытының алыс-жақындығына байланысты, билеттің базалық құнынан 58%, 55%, 45%, 35%, 25% және 15% болып белгіленген.
Бұл ретте атап өтерлігі, аталған жеңілдіктер халықаралық бағдардағы пойыздарға ғана беріледі, мемлекет ішіндегі рейстерге, сондай-ақ ұжымдық жолаушылар тобына таратылмайды.