Хәрри Поттер қазақ оқырманына "шапан жамылып, тымақ киіп" келді

0
2 603

"Ағылшын тілінен аударылған бестселлерді оқыған қазақ балаларының сыни пікірі қалыптасып, фантазиясы ұшталады" - аудармашы.


Хәрри Поттер қазақ оқырманына

ERNUR.KZ. Әлемге әйгілі ағылшын жазушысы Жоан Роулиң жазған романдар желісінің басты кейіпкерлері – Хәрри Поттер, оның ұстаздары Албус Дамблдор мен Северус Снейп, достары Рон Уизли мен Хәрмиона Грейнжер қазақ оқырманымен қауышты. Әлемге әйгілі сиқыршылардың бұл келісінің жөні бөлек. Ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлының сөзімен айтқанда, «Hogwarts» мектебінің тәлімгерлері мен түлектері елімізге «қазақтың шапанын жамылып, тымағын киіп келді», деп жазады ҚазАқпарат.

Пойыз күткен «миллиардер»

1990 жылы Манчестер-Лондон бағытындағы пойызда келе жатқан Жоан Роулиңнің басына Хәрри Поттер жайлы идея, өзінің айтуынша, «құлап түседі».

«Алты жасымнан бастап әңгіме жазып келемін. Бірақ бұл ой желісі мені баурап, бірден өз әлеміне жетелеп әкетті. Келесі пойызды күтіп бақандай төрт сағат ойланып отырып қалғанымды байқамай қалған екем. Зілмауыр толғаныс үстінде арықша келген қара шашты әрі көзілдірікті жас бала көз алдымда шынайы бейнеге айнала бастады», - деп еске алады кейін шығарма тарихын Жоан Роулиң ұлыбританиялық БАҚ-қа берген сұхбатында.

Осыдан кейін араға жеті жыл салып, «Хәрри Поттер мен Пәлсапа тас» (Harry Potter and the Philosopher’s Stone) дүниеге келеді. Әу баста Жоан табан тоздырып баспадан баспаға барып, ешқайсысынан қолдау таба алмапты. Ақыры Bloomsbury баспасы алғашқы кітапты басып шығаруға келісімін беріп, осы баспа жазушымен бірге үлкен табысқа кенелді.

Романдар сериясында фэнтези мен хикаят, детектив пен триллер, лирика сипатты түрлі жанрлар қабыса көрініс тапқан.

1997 жылдың 26 маусымында жарыққа шыққан алғашқы «Хәрри Поттер мен Пәлсапа тас» романы балалар әдебиеті жанрын бұзып жара кіріп, сыншыларды мойындатып, бүкіл әлемде зор коммерциялық табысқа кенелді. Бүгінге дейін жеті сериялы роман 500 миллион данамен шығып, әлемдік әдеби бестселлерлер қатарынан ойып тұрып орын алған. 80 тілге аударылған. 2007 жылы жарыққа шыққан бір ғана «Хәрри Поттер мен ажал сыйы» кітабы бірден 11 миллион данамен шығарылып, рекорд орнатты. Тіпті Жоанның өзі «Хәрри Поттер мен Азкабан тұтқыны» тиражы енді-енді кітап дүкендеріне түсе бастаған кезде дүкен иелеріне кешке мектептер жабылғанша сатпауды өтініпті. Себебі балалар кітаптың жаңа сериясын сатып алуға асығып, сабаққа бармай қояды екен. Ал осы орасан зор сұраныс Жоан Роулиңді әлемдегі тұңғыш миллиардер жазушыға айналдырды.

Warner Bros. Pictures компаниясының жетекшілігімен романдар сериясы киноға айналып, кинематография саласындағы ең табысты фильмдердің біріне айналды. Кітап көтерген абырой-атақ ақыры әлемде «Harry Potter» брендін қалыптастырып, ол брендтің құны бүгін де 12.78 миллиард долларға бағаланады.

Раиса Қадыр: Жеті кітапты алдағы екі жылда аударсақ дейміз

Ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлының «тілімізге кірген сөз қазақтың шапанын жамылып, тымағын киіп кіруі керек» деген сөзі бар. Сол секілді Халел Досмұхамедұлы да «Тілімізге енген сөз біздің дыбыстық жүйемізге, үндестік заңына бағынып келуі керек» деп айтып кеткен. Өкінішке қарай, ұлт пен тіл жанашыларының бұл ескертуі совет заманында еленбей, әлемнің мәдениеті мен әдебиетіне орыс халқының терезесінен қарап қалдық. Ал «Хәрри Поттер мен Пәлсапа тас» қатып қалған сол сеңді бұзып, ағылшын тілінен өз тілімізге тікелей аударылып отыр.

«Орыс тілінің өз байлығы мен ньюанстары, байланыстары бар. Әлбетте, кез келген шығарма кез келген тілге аударылғанда бұрмаланады. Ал оның үстінен қазақ тіліне аударсаңыз – түпнұсқадан алыстап кетесіз. Аударма ақыры калька болып шығады. Кітапты аударып отырып байқағанымыз – ағылшын тіліндегі түпнұсқадағы сөздердің қазақ тіліне әдемі үйлесе кететін тұстары баршылық. Сонысына қатты қуанамын», - дейді кітапты қазақ тіліне шығару құқығын алған Steppe & World Publishing баспасының басшысы Раиса Қадыр әңгіме барысында.

Оның айтуынша, роман неміс, қытай, араб тіліне аударылғанда да біршама дау туғызған. Яғни, даусыз аударма жоқ. Алғашқы кітап жарты жылдың ішінде дайын болған.

«Бұл техникалық аударма емес, креативтілікті талап етеді. Сөз қалай естіледі, сөйлем қалай жазылады, бала қалай қабылдайды – осының бәрін ескеруге тырыстық. Ағылшынның өзіндік әзілі мен мысқылдары бар. Оны қазақ тілінде қалай келтіру керек? Тіке аударсаңыз, айтылар ой астаң-кестең болуы мүмкін. Мысалы «Longbottom» деген кейіпкердің атын «Ұзынбұт» деп аудардық. Мәселе «bottom» деген сөзде. Ағылшын балалары «Longbottom» деген сөзді естіген кезде қызығып, күле оқиды. Қазақша аудармасын «Longbottom» деп қалдырсақ, ешкімге түсініксіз болып қалар еді», - дейді баспа басшысы.

Раиса Қадыр Шотландияда тұратын Жоан Роулиңнің өзімен кездеспепті. Жазушының агенті арқылы байланысқа шығып, келісімге келген. Кітаптың өтуіне байланысты Жоан Роулиңнің өзіне де лицензиялық ақысы, дивиденттері түсіп тұрады.

«Жобаның жауапты редакторы Назгүл Қожабек айтқандай, терминдердің бәрін бекітіп алмасақ, түпнұсқада жеті серияның ішінде өзгере жазылған сөздер жетіп артылады. Яғни, көркем әдебиетті аударудың әлемдік әдістемесімен жұмыс жүргізуге тырысып отырмыз. Қазір әлемнің әр түкпірінде қалағанымызды электронды түрде компьютерден немесе қолымыздағы ұялы телефоннан оқи саламыз деген пікір қалыптасқан. Меніңше, ол уақыт өте келе ескіретін пайым. Әлемнің ең дамыған елдеріне барып көрсеңіз, тек қағаз кітаптарды оқиды. Кітапты қолмен ұстап, қалаған жеріңізді белгілеп, сызып, жеткен бетіңізді бүктеп оқығанға не жетсін. Оқу дегеніміз ләззат. Ондай әсерді планшеттен немесе телефоннан ала алмайсыз. Ендігі бір тренд – аудиокітап. Меніңше, алдағы бес жылда аудиокітап Еуропада қағаз кітаптың дәрежесімен теңеседі», - дейді ол.

Ал ағылшын тілінен аударылған бестселлер қазақ балаларына несімен пайдалы деген сұраққа Раиса Қадыр әлемдік әдебиетті оқи отырып, баланың сыни пікірі қалыптасатынын, фантазиясы ұшталатынын айтады.

«Адамзаттың құндылықтары бірдей. Сол себепті, қазақ ертегілеріндегі иірімдерді де осы ертегілерден таба аласыз. Осы шығарманы оқыған өз балаларымыз кейін дәл осындай көптің сұранысына ие болар туынды жазар деген сенімдемін. Қиялы ұшталғаннан кейін қанаты қатайған қазақ жастары өз табиғатымызға сай дәл осындай шығарма жазар деп үміттенемін», - деді ол.

«Хәрри Поттер мен Пәлсапа тас» кітабына қазірдің өзінде тапсырыс қабылданып жатыр. Сұраныс бар. Аудармашы команданы жер-жерден қолдаушылар көбейіп, жағымды пікір-пайымдарын жолдап жатқан көрінеді. «Романдар желісінің ең соңғысы 2007 жылы жарыққа шыққан. Кейде неліктен сол тұста бірден қазақ тіліне аударылып отырмаған деп таң қаламын кейде. Бірақ, қазір де кеш емес. Өйткені, классиканың аты классика. Әлемде Хәрри Поттер кітабын жылына бір рет оқитын фанаттар армиясы баршылық. Сол секілді Шерлок Холмстың оқиғаларын оқушылар мол. Мұхтар Әуезовтің «Абай жолы» романын да қайталап оқи береміз. Биыл Абайдың 175 жылдығы. Ұлы ақынның аударма саласына сіңірген еңбегін білесіздер. Абайдың 175 жылдығында Хәрри Поттер кітаптарының аударылып жатқанын жақсы ырымға балаймын», - дейді ол.