Киік мүйізі 4 тамыздан бастап жаңа ережелер бойынша сатылады

0
88

ҚР Экология және табиғи ресурстар министрінің 2026 жылғы 22 шілдедегі бұйрығымен киік дериваттарын өткізу қағидалары бекітілді.


Киік мүйізі 4 тамыздан бастап жаңа ережелер бойынша сатылады

Фото: Атырау облыстық полиция департаменті

ERNUR.KZ. Құжатқа сәйкес, «киік дериваттары» дегеніміз – жануардың мүйіздері, сондай-ақ, олардан өндірілген өнімдер, деп жазады inform.kz.

Дериваттарды өткізу электрондық конкурс түрінде жүзеге асырылады. Сату туралы шешімді уәкілетті орган қабылдап, сату бағасын, өткізу көлемін және комиссия құрамын айқындайды. Тиісті шешім қабылданғаннан кейін сатушы 10 күнтізбелік күн ішінде мемлекеттік мүлік тізілімінің веб-порталында конкурс туралы ақпаратты жариялауға міндетті.

Киік дериваттарын сату уәкілетті органның шешіміне байланысты тоқсанына кемінде бір рет өткізіледі. Сонымен бірге, жойылып кету қаупі төнген жабайы фауна мен флора түрлерінің халықаралық саудасы туралы CITES конвенциясының талаптары сақталуы тиіс.

Конкурсты ұйымдастыру және өткізу үшін бес адамнан тұратын комиссия құрылады. Сауда-саттыққа дайындық барысында сатылатын дериваттар туралы материалдар жинақталады, конкурс өткізу мерзімдері белгіленеді, хабарландыру жарияланады, кепілдік жарналар қабылданады, қатысушылар тіркеледі және сатып алу-сату шартының жобасы дайындалады.

Хабарландыру жарияланғанға дейін сатушы веб-порталдың дерекқорына әрбір лот бойынша мынадай мәліметтерді енгізуге міндетті:

  • сатылатын дериваттар туралы ақпарат;
  • олардың орналасқан жері;
  • теңгерім ұстаушының пошталық мекенжайы, телефон нөмірі және электрондық пошта мекенжайы;
  • әрбір лоттың кемінде бес фотосуреті.
  • Конкурс туралы хабарландыру қазақ, орыс және ағылшын тілдерінде жарияланады. Онда конкурс өткізілетін күн мен уақыты, конкурс атауы, бастапқы баға, кепілдік жарна мөлшері, ұйымдастырушының банктік деректемелері, қатысу шарттары, қатысушыларға қойылатын талаптар, өтінім қабылдау мерзімдері, сатушы мен ұйымдастырушының байланыс деректері көрсетілуі керек.

    Конкурсқа қатысу үшін мемлекеттік мүлік тізілімінің веб-порталында тіркелу қажет. Сонымен қатар, мынадай мәліметтер ұсынылады: заңды тұлғаның БСН-і, толық атауы, бірінші басшы туралы мәліметтер, кепілдік жарнаны қайтаруға арналған банк шотының деректемелері, байланыс ақпараты.

    Өтінім электрондық цифрлық қолтаңбамен (ЭЦҚ) куәландырылады. Онда конкурс талаптарымен келісетіні, баға ұсынысы және белгіленген талаптарға сәйкестігін растайтын құжаттар қамтылуы тиіс.

    Конкурсқа қатысушылар бірқатар құжат ұсынады. Олар – заңды тұлғаны мемлекеттік тіркеу туралы құжаттар; киік дериваттарын пайдалана отырып дәрілік заттарды немесе фармацевтикалық өнімдерді өндіруге арналған лицензиялар немесе рұқсаттар; қолданыстағы GMP және GDP сертификаттары; дериваттарды импорттау, кедендік рәсімдеу, сақтау, өңдеу және пайдалану құқығын растайтын құжаттар.

    Сонымен қатар, қатысушылар жазбаша түрде мынадай міндеттемелерді қабылдайды:

  • киік мүйіздерін Қазақстан аумағында сатпау;
  • экспортқа байланысты барлық қажетті құжаттарды өз бетінше рәсімдеп, шығындарды өтеу;
  • уәкілетті органға дериваттардың үшінші тұлғаларға одан әрі өткізілуі туралы мәліметтер беру;
  • дериваттар мен олардан өндірілген өнімдердің қозғалысы туралы ақпаратты өз елінің цифрлық қадағалау жүйесіне енгізу.
  • Бұдан бөлек, шетелдік заңды тұлғалар құрылтай құжаттарының нотариалды куәландырған көшірмелерін және қажетті құжаттарды қазақ және (немесе) орыс тілдеріне аудармасымен бірге ұсынуы тиіс.

    Өтінім берілгенге дейін қатысушы конкурс туралы хабарландыруда көрсетілген дериваттар құнының 15%-ы мөлшерінде кепілдік жарна төлеуге міндетті.

    Автоматты тексеруден кейін веб-портал қатысушыға өтінімнің қабылданғаны немесе бас тартылғаны туралы хабарлама жібереді. Онда себептері көрсетіледі. Бұдан кейін комиссия өтінімдерді қарап, конкурсқа жіберілетін қатысушыларды анықтайды.

    Өтінімдер хабарландыруда көрсетілген күн мен уақытта автоматты түрде ашылады. Конкурсқа жіберілген қатысушылар сауда залына конкурс басталғанға дейін кемінде бір сағат бұрын қол жеткізе алады.

    Киік дериваттары үшін ең жоғары бағаны ұсынған қатысушы жеңімпаз болып танылады. Сатылған әр лоттың қорытындысы бойынша хаттама толтырылып, оған сатушы мен жеңімпаз ЭЦҚ арқылы қол қояды.

    Сатып алу-сату шарты конкурс қорытындылары шығарылғаннан кейін 10 күнтізбелік күн ішінде мемлекеттік мүлік тізілімінің веб-порталы арқылы электрондық форматта немесе жазбаша түрде жасалады.

    Аталған бұйрық 2026 жылғы 4 тамыздан бастап күшіне енеді.