Дала киіктерінен келген шығынды өтеу заңда нақты көрсетілмеген.
ERNUR.KZ. Батыс Қазақстан облысының оңтүстік аймақтарында киіктердің жайылымдарды құртып жатқанына байланысты шаруалар төтенше жағдай жариялауды сұрап отыр, деп жазады tengrinews.kz.
Бөкейорда ауданының тұрғыны Мырзабай Боранбаев биыл 140 гектар жерге мал азықтық дақылдар еккен. Ол егістік алқапты электрлік қоршаумен қоршады. Бірақ, киіктерге тосқауыл бола алмады. Олар егіннің көп бөлігін құртып үлгерді. Қалған егінді қорғау үшін шаруа өз аумағында тәулік бойы кезекшілік атқарып, жабайы жануарларды қуады, бірақ онысынан түк шықпайды.
"Киік өте көп мәселе туғызып тұр. Кеше агрономдармен есептеп қарағанда 15-тен берейін деп тұрған егін киік өткесін 5-тен алсақ жақсы деп отырмыз. Қатты зардабын шегіп жатырмыз. Біреу келіп шығыныңды өтемейді. Соған бір көмек қаржы бөле ме үкімет, сондай үмітпен қараймыз. Бірақ ол қаншалықты шешілетін мәселе екенін білмейміз", - дейді шаруа қожалығының басшысы Боранбаев.
Механизатор Жасұлан Шәкіровтің айтуынша, қазір облыста мал азығын жинау науқаны қызу жүріп жатыр. Биыл жауын-шашын жақсы болды. Шөп жеткілікті еді, бірақ оны ақбөкендер құртқан. Шабатын шөп қалмай бара жатыр.
"Былтыр астық нашар болды. Биыл одан да нашар. Қазір барлық жерде дерлік шөп шабамыз. Өздеріңіз көріп отырғандай, егістікте шөп жоқтың қасы", - дейді Шәкіров.
Казталов және Жәнібек аудандарында жағдай мәз емес. Қазірдің өзінде арнайы комиссия ауылдарды аралап, шабылған шөпті өлшеп, шығынды санап жатыр.
"Қазір 3-4 ауылда шөп жоқ. Осыған байланысты біздер қазір үкіметтен шығындарын өтеуге, егер шөпті тасымалдайтын болсақ басқа аудандардан, соның тасымалдауына байланысты шығындарын өтеуін облыстық бюджеттен көмек ұсыныс ретінде сұрап жатырмыз", - деді Жәнібек аудандық комиссия мүшесі Бауыржан Сабанов.
Алайда, дала киіктерінен келген шығынды өтеу заңда нақты көрсетілмеген. Бұл ретте шығын жүздеген миллион теңге.