Көгершін еті неге қауіпті? Санитария дәрігерінің жауабы

0
1 213

Көгершіндер вирустық, бактериялық және саңырауқұлақ ауруларын тарата алады.


Көгершін еті неге қауіпті? Санитария дәрігерінің жауабы

ERNUR.KZ. Алматы қаласы санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысының орынбасары Сәдуақас Байғабылов көгершін етін неге жеуге болмайтынын түсіндірді, деп жазады Tengrinews.kz.

"Көгершіндер вирустық, бактериялық және саңырауқұлақ ауруларын тарата алады. Сондықтан вирус етте де болуы мүмкін. Қала көгершіндерінің етінде гистоплазмоз, энцефалит, орнитоз, сальмонеллез, аскаридоз, туберкулез, токсоплазмоз және басқа да қауіпті аурулар болады", - деді Байғабылов.

Санитарлық дәрігердің айтуынша, бұл ет сараптамасы "санитарлық-эпидемиологиялық ережелер мен гигиеналық нормативтерде қарастырылмаған және стандарттары жоқ".

Бұрын желіде видео тараған еді. Онда Алматы тұрғыны самса сататын қалалық дүңгіршектің бірі көгершін етін пайдаланады деп күдіктенген болатын.

"Қалдаяқовтың бойымен, Жібек жолы көшесінің бұрышында, аялдаманың артында самса сататын дүңгіршек тұр. Оның артында қосалқы есік бар, сол арқылы тауар алып, бірнәрсе шығарып жүреді. Жігіт шығып, көгершінге тамақ бергенін көрдім. Басында неге көгершін көп деп ойладым, сөйтсем, олар тамақтандырады екен. Содан кейін асықпай отырып, бір көгершінді ұстап алып, кенет дүңгіршекке кіріп кетті. Самсаны көгершін етінен жасайды деген ойдан қорқып кеттім. Бірнеше сағаттан кейін ол тағы да көгершіндерді тамақтандыруға шығып, біреуін ұстап алып, дүңгіршекке алып кетті. Бұл сәтті видеоға түсіріп алдық. Мұнда не істеп жатқанын бәрі көрсін дедік. Ол көгершіндерді жақсы көретінін, қайта ұшырып жіберетінін айтты. Бірақ бейнебақылау камерасы бәрін түсіріп тұр, көгершіндерді босатпаған. Осыдан халыққа тамақ жасап береді деген ойдың өзі қорқынышты. Көршілері оларды әкімшілік қорғайтынын, сондықтан дүңгіршекті алып тастамағанын айтты, бірақ халықты көгершін етімен тамақтандыру деген - сұмдық. Халық көріп, кез келген жерден тамақ алуды қояды деп үміттенемін", - делінген жазбада.

Байғабыловтың айтуынша, санитария дәрігерлері шағын және микробизнесті тексеруге байланысты қолданыстағы мораторийге орай самса мен донер дүңгіршектерін тексере алмайды.

"Шағын және микробизнес субъектілерін тексеруге 3 жылға мораторий енгізілді. Самса, донер сататын көше дүңгіршектері тамақтану қызметін ұсынады. Оларды тексере алмаймыз. Ерекше жағдайда да, азаматтардың өтініші бойынша да. Тексеру үшін тұрғындардың өмірі мен денсаулығына қауіп төнуі керек. Растайтын деректер, сурет және бейнематериалдар қоса берілуі керек", - дейді санитария дәрігері.

"Алматы қаласының тұрғындары қоғамдық тамақтану объектілеріне, әсіресе самса, бәліш дүңгіршектеріне барған кезде өте сақ болуы керек. Бүгінде бұл өнімдердің сапасы мен қауіпсіздігі туралы айта алмаймыз. Себебі олар тексерілмейді. Тексеруге мораторий келесі жылдың соңына дейін қолданылады", - деп қорытындылады Сәдуақас Байғабылов.