Қоғам құтқарушыларға арқа сүйейді: Бүгін – «Құтқарушылар күні»

0
861

Себебі, өз өмірлерін қатерге тігіп, қызығынан қиындығы көп қызметті атқарып жүрген төтеншеліктердің еңбегі зор.


Қоғам құтқарушыларға арқа сүйейді: Бүгін – «Құтқарушылар күні»

Бүгін, яғни «19 қазан – Құтқарушылар күні». Атап өтсек, азаматтық қорғау органдары осыдан 28 жыл бұрын Мемлекет басшысының Жарлығымен құрылып, содан бері халыққа қалтқысыз қызмет етіп келе жатыр.


Осы ретте, бүгін Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Азаматтық қорғаныс саласының қызметкерлерін кәсіби мерекелерімен құттықтап, бұл саладағы азаматтардың жұмыс түрлі сын-қатерге толы екенін және өте жоғары жауапкершілікті талап ететінін жеткізді. Сондай-ақ, қазақ қоғамы құтқарушыларды антына сеніп, еңбектерін ерекше бағалайтынын айтты.

Одан бөлек, Төтенше жағдайлар министрі Сырым Шәріпханов та құтқарушыларға жылы лебізін жеткізіп, құтқарушылар үшін еліміздегі ғана емес, алыс-жақын бауырлас мемлекеттердегі төтенше жағдайлар да үлкен сынақ болғанын айтты. Дәлірек айтсақ, министр өз сөзінде қазақстандық құтқарушылардың гуманитарлық миссияларды атқару барысында Түркия мен Ауғанстан елдерінде апаттық-құтқару қызметтерін орындағанын ерекше атап өтті.


«Кәсіби біліктілік деңгейі, жылдар бойы жинаған тәжірибесі, ең күрделі міндеттерді пысықтау жылдамдығы мен шапшаңдығы жағынан біздің құтқарушыларымыз үздіктердің қатарында болды. Сондықтан біздің азаматтарымыз ТЖМ қызметкерлерінің кез-келген уақытта күні-түні көмекке келуге дайын екенін, әрбір адамды құтқару үшін зілзаламен күресіп, тіпті өз өмірін қиятынын біледі», - деді ол өз сөзінде.


Ендігі кезекте бүгін тойланып жатқан мерекенің пайда болуына тоқталсақ. Негізі, біздің елімізде тәуелсіздік таңына дейін кәсіби құтқарушылар болмаған. Сәйкесінше, ол кезеңдерде қиындыққа тап болған тұрғындарға қоғамдық ұйымдар мен құтқару бекеттерінің қызметкерлері қол ұшын созып келген. Тіпті, бір кездері мұндай қызметке тәртіп сақшылары да тартылған екен. Ал, Қазақстан Республикасының төтенше жағдайлар жөніндегі мемлекеттік комитеті ел еркіндік алғаннан кейін, 1995 жылы ғана құрылғанын жоғарыда атап өттік.


Енді бүгінгі таңдағы құтқарушылардың дайындығы мен қызметін кезек берелік. Қазіргі уақытта қазақстандық құтқарушылар төтенше жағдайлар кезінде ахуалды тұрақтандыру үшін арнайы медициналық және психологиялық дайындығын арттырып, апаттық-құтқару қызметі құрамындағы қызмет көрсету тәжірибелерін үнемі жетілдіріп отырады. Осылайша, өмір мен өлімнің арасында қызмет ететін олар өзгелерді де, өздерін де қауіптен қорғап жүр.


Мәселен, биылғы жылдың алғашқы айындағы ақпарат бойынша, республика көлемінде сегіз мыңнан астам төтенше жағдай мен басқа да оқыс оқиғалар орын алып, 1 250 адам зардап шексе, оның 495-і апат барысындағы түрлі себептермен көз жұмған. Ал, материалдық шығын көлемі 9 миллиард 170 миллион теңгеге жетіпті. Ал кез келген қатерге дайын тұратын құтқарушылар тоғыз мыңға жуық адамның өміріне араша түсіп, үш жарым мыңнан астам адамға алғашқы медициналық көмек көрсеткен екен. Бұл жайында біршама уақыт бұрын Төтенше жағдайлар министрінің өзі айтып берген болатын.


Сонымен бірге министр төтенше жағдайларға қатысты іс-қимылдар шеңберінде бірнеше жүйелік мәселелер барын да айтқан. Министрдің мәлімдеуінше, мұны Абай, Қостанай, Шығыс Қазақстан облыстарындағы өрт оқиғалары мен "АрселорМиттал" кен орындарында орын алған қайғылы апаттар растаған. Сондықтан қазіргі уақытта министрлік осы проблемаларды шешуге көп күш жұмсакп жатыр екен. Мәселен, осыған дейін Қауіпсіздік Кеңесімен, Үкімет аппаратымен және басқа да мүдделі мемлекеттік органдармен бірлесіп, тілсіз жауға ден қою алгоритмі әзірленген. Оған қоса, Үкімет қаулысымен Жаһандық және өңірлік ауқымдағы төтенше жағдайларды жою жөніндегі іс-қимыл жоспары бекітілген екен.


Тағы бір айта кетерлік жағдай - 2023 жылы қазақстандық құтқарушылар өз еліміздегі ғана емес, шет мемлекеттердегі апаттарды жоюға да атсалысып, Түркия және Ауғанстан мемлекеттерінде орын алған зілзалалардың салдарын жоюға көмек көрсеткен еді. Атап айтар болсақ, біздің құтқарушылар 7-19 ақпан күндері аралығында Түркия елінің үш аймағында іздестіру-құтқару жұмыстарын жүргізіп, Нурдагы ауданында, Газиантеп және Хатай қалаларында тұрғындарды қирандылар астынан алып шығуға сүбелі үлес қосты. Оған қоса, Қахраманмараш провинциясына тұрақты түрде гуманитарлық көмек жеткізіп тұрды. Түркияда қызмет еткен құтқарушылар қатарында Төтенше жайғдайлар министрлігінің құтқарушылары, кинологиялық есептер мен «Апаттар медицинасы» орталығының дәрігерлері болды. Осылайша Астана, Алматы қалалары және Қарағанды, Ақмола облыстарының жүзден астам қызметкері Түркия елінде еңбек етіп қайтқан болатын. Жұмыс барысында олар 15 және 18 адамнан тұратын топтарға бөлініп, жеті адамды аман алып қалса, сексен сегіз 88 мәйіті қиранды астынан шығарған. Одан бөлек 24 сағат бойы үш ауысыммен үздіксіз жұмыс істеп, екі жүзге жуық зардап шегушіге медициналық және психологиялық қолдау жасаған.


Сонымен бірге, бірер тәулік бұрын, яғни 10-16 қазан күндері аралығында қазақстандық құтқарушылар Ауғанстан еліне де барып, жер дүмпуінің зардабын жою жұмыстарына қатысты. Аталған жұмыстарды атқаруға Төтенше жағдайлар министрлігінің Республикалық жедел-құтқару жасағының құтқарушылары, кинологиялық есептоптар, "Апаттар медицинасы" орталығының дәрігерлері мен фельдшерлер, бас-аяғы 45 адамды құрайтын топ барған. Нәтижесінде, іздестіру-құтқару жұмыстарын жүргізген қазақстандық құтқарушылар 83 тұрғынға медициналық көмек көрсетіп, екі жүзден астам үйдің үйіндісін бөлшектеді. Одан бөлек, Наиброфи аймағындағы қирап қалған жеті жүз нысанның аумағына тексеру жұмыстарын жүргізген. Сөйтіп, құтқару жұмыстары барысында қиранды арасынан бір жасөспірімнің мүрдесін алып шыққан. Одан бөлек Сияхан елді мекеніндегі толығымен қираған баспаналардың астын да тексеріп, Чолк елді мекеніндегі үйінділерді бөлшектеу жұмыстарына атсалысқан.


Қалай десек те, құтқару қызметі – қай кезде де басты бәйгеге тігетін мамандықтардың бірі болып қала береді. Сол себепті, биыл ел Үкіметі құтқарушылардың мәртебесі мен жалақсысын көтеруге ерекше көңіл бөліп, жыл басында «Қасым Жомарт Тоқаевтың тапсырмасына сәйкес, 2023 жылдан бастап құтқарушылардың еңбекақысы 10 пайыздан 70 пайызға дейін жоғарылайды" деген қуанышты хабар жарияланған. Кейіннен бұл реформа жайында Мемлекет басшысының өзі М. Ғабдуллин атындағы Азаматтық қорғау академиясында айтқан болатын.


Сондай-ақ Сенат депутаты Сергей Ершов ҚР Премьер-Министрінің атына сауал жолдап, құтқарушылардың қызметіне байланысты жалақыларының төмендігі, зейнеткерлік жас мөлшері, тұрғын үй төлемдерінің болмауы сынды бірқатар проблеманы көтерген. Оның айтуынша, құтқарушылардың айлығы 2023 жылдың басынан бастап 23 процентке көтерілгеннің өзінде 105 мың теңгені құрапты. Оның ойынша, мұндай қатерлі қызмет үшін бұл жалақы өте аз.


Сонымен қатар, сенатор өз сөзінде құтқарушылардың зейнеткерлікке 63 жаста шығатынын да құп көрмейтінін жеткізген. Оған қоса, құтқарушыларға еңбек зейнетақысын мерзімінен бұрын беретін кейбір мемлекеттерді де мысалға келтірген тұғын. Оның айтуынша, құтқарушылардың мәртебесін көтеру үшін оларға құқыққорғау, арнаулы мемлекеттік органдардың қызметкерлері және Қарулы Күштердің әскери қызметшілері деңгейінде тұрғынүй төлемдерінің мүмкіндіктерін қарастыру қажет.

Міне, содан кейін ел Президентінің тапсырмасы мен сенатор сауалы ескеріліп, Үкімет басшысы Әлихан Смайылов құтқарушылардың еңбекақысы 2025 жылға дейін 2 есе артатынын жеткізді.

Премьер-министрдің сөзіне сүйенсек, Қасым-Жомарт Кемелұлының екі жыл бұрынғы Жолдауын жүзеге асырудың жалпыұлттық іс-шаралары жоспары шеңберінде былтырдан бастап азаматтық қызметшілердің жалақысы көбейтіліп келе жатыр. Олардың арасында азаматтық қорғаныс құтқарушылары да бар екен. Атап өтсек, бүгінгі мереке иелерінің жалақысы лауазымдық айлық коэффицентін түзету арқылы 2022 жылы 23 пайызға, 2023 жылы 18 пайызға артса, келер жылы 18 және 2025 жылы 17 пайызға дейін көтерілмек. Осылайша 2025 жылға дейін құтқару қызметінде еңбек ететін азаматтардың айлығы 2 есе көбеймек.


Тағы бір елді елең еткізген жаңалық - өмірі мен денсаулығына қауіп төндіре жүріп жұмыс істейтін құтқарушыларға жалақысының 70 пайызы көлемінде үстемеақы тағайындалуы. Одан бөлек құтқарушылардың еңбекақысына істеп жүрген ісінің жүктемесіне қарай қалыпты айлықтың 20 пайызынан 300 пайызға дейін үстемеақы және қосымша төлем қарастырылыпты. Осы іс-шаралардың нәтижесінде қазіргі уақытта құтқарушылардың орташа табысы үш жүз мыңнан жоғары болып тұр екен.


Әлбетте, мемлекеттің құтқарушыларға көңіл бөлгені өте дұрыс. Себебі, өз өмірлерін қатерге тігіп, қызығынан қиындығы көп қызметті атқарып жүрген төтеншеліктердің еңбегі зор.