"Қолынан келгеннің бәрін жасады": Біртанов «СК-Фармация» экс-басшысының сотында куәлік етті

0
459

"СҚ-Фармацияның" бұрынғы басшысы былтыр тамызда қамауға алынды.


ERNUR.KZ. Экс-министр Елжан Біртанов «Ск-Фармацияның» экс-басшысы Берік Шәріптің ісі бойынша сотта куәлік етті, деп жазады Azattyq Rýhy.

«Берік Шәріп Қазақстанға жеке қорғаныс құралдарын жеткізуді жеделдету үшін қолынан келгеннің бәрін жасады. Оның басшылығындағы «СК-Фармация» ешқандай заңбұзушылық әрекеттерін қасақана жасамағанына сенімдімін. Бұл форс-мажор жағдай және Қытай тарапы қазақстандық компаниямен келісімшарт талаптарын орындамады, салдарынан қазақстандық компания «СК-Фармацияға» жеткізу бойынша шарттарды бұзды. Бұл - азаматтық-құқықтық қатынас. Содан кейін бұқаралық ақпарат құралдары тасымал бойынша орындалмаған жұмыстар саны туралы жазып жатты. Ал келісімшартқа қол қойып, «СК-Фармация» компаниясы Қазақстанға жеткізуді тездету үшін қолынан келгеннің бәрін жасап, жанталасты. Тергеу барысында жеке бас мүддесінің қызығушылықтары болғаны дәлелденді ме, жоқ па білмеймін. Бірақ Берікті танитын адам ретінде, ешқандай компанияға қатысты бас пайдасын ойламағанына сенімдімін. Мұнда қандай қылмыстың бар екенін түсінбедім», - деді Біртанов.
Экс-министрдің айтуынша, Берік Шәріп 2 жыл Ск-Фармация» басшысының міндетін атқарушы болған кезде басқа компаниялардан еш шағым түспеген.
«Мен оны адал қызметкер деп санаймын. Берік Шәріпұлы екі жыл басшы міндетін атқарушы болды. Осы уақыт ішінде миллиардтаған долларға келісімшарттар жасалды, бірде-бір компанияға артықшылық берілмеді. Басқа компаниялардан ешқандай шағым түскен жоқ», - деді Елжан Біртанов.
2020 жылдың 14 тамызында «СҚ-Фармацияның» бұрынғы басшысы Берік Шәріп қамауға алынды.
Берік Шәріп тегін медициналық көмек көлемін қамтамасыз ету үшін дәрі-дәрмектер мен медициналық мақсаттағы бұйымдарды сатып алу жөніндегі дистрибьютор компания басшылығына 2020 жылдың 21 сәуірінде келді. Бұған дейін «СҚ-Фармация» басқарма төрағасының міндетін атқарған.
2020 жылдың 10 шілдесінде ол ел президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың сынынан кейін қызметінен босатылды.
2021 жылдың сәуірінде «СҚ-Фармацияның» бұрынғы басшысына «жаппай вирус жұқтырды», «заңсыз қару сақтады» деген айыптар тағылды.