Бұған дейін коронавируспен ауырған адамға 6 ай бойы вакцина салуға болмайтыны айтылған еді.
ERNUR.KZ. Қоғамдық денсаулық сақтау ұлттық орталығының басқарма төрағасының орынбасары Айнагүл Қуатбаева коронавируспен ауырған науқастарға вакцина салу уақыты өзгертілгенін айтты, деп жазады Stan.kz.
"Соңғы ғылыми мәліметтерге сүйене отырып, сырқаттанып жазылған науқастардың үш ай өткенде вирусты қайта жұқтыру қауіптілігі жоғары болуына байланысты Бас мемлекеттік санитар дәрігердің соңғы қаулысы бойынша коронавируспен ауырған науқастарға 3 айдан кейін вакцина алу жұмыстары қолға алынды", – деді Айнагүл Қуатбаева.
Сондай-ақ ол инфекциялық стационарларға түскен 596 қазақстандықтың жағдайы ауыр екенін айтты.
"Стационарға жатқызылған науқастардың көбеюі өзекті мәселе болып отыр. Соның ішінде ауыр жағдай түрімен сипатталатын 596 науқастың бар екенін айтамыз. Оның арасында 493 науқас өте ауыр жағдайда жатса, 103 науқас аса ауыр жағдайда. Өкпені жасанды желдеткішпен 83 науқас қамтамасыз етілген", – деді Қуатбаева.
Маманның айтуынша, соңғы бір аптада ауруханаға ауыр жағдайда түсетін науқастардың саны артқан.
"Статистикалық мәліметтерді талдайтын болсақ, соңғы 7 күннің ішінде жұқпалы аурулар стационарларында төсектермен қамтамасыз ету 25 пайыздан 29 пайызға, реанимациялық төсектердің қажеттілігі 20 пайыздан 24 пайызға артқанын айту керек", – деді Айнагүл Қуатбаева.
Айта кетейік, бұған дейін коронавируспен ауырған адамға 6 ай бойы вакцина салуға болмайтыны айтылған еді.