Вакциналаудың тиімділігін бағалау бойынша зерттеуге сәйкес, ауырғандардың басым бөлігі вакцина алмаған азаматтар екені анықталды.
ERNUR.KZ. Негізінен вакцина алмаған қазақстандықтар ауру жұқтыру және өлім қаупіне ұшырайды, деп жазады sputnik.kz.
Министрлік ақпаратына сүйенсек, Қазақстанда 1 ақпан мен 31 шілде аралығында 405603 адам коронавирустық инфекциямен ауырды, оның ішінде коронавирустан 4969 адам қайтыс болды , оның ішінде вакцина алмағандар саны - 4854, вакцина алғандар саны - 115.
"Денсаулық сақтау министрлігі жүргізген вакциналаудың тиімділігін бағалау бойынша, ауырғандардың басым бөлігі вакцина алмаған азаматтарға (99,9%) жататыны анықталды, бұл ретте вакциналаудан кейінгі ауырғандардың үлесі бар болғаны 0,1% - ды құрады", - делінген хабарламада.
Егер вакцинаның толық курсын 4 382 869 қазақстандық алса, оның ішінде 5499 адам коронавируспен ауырған.
Ақпараттық жүйелерді талдау көрсеткендей, COVID-19-дан қайтыс болғандардың арасында вакцинация алмағандар үлесі 97,7% - ды құрайды, ал вакцина алғандарға 2,3% (115 адам) келеді, бұл ретте олардың анамнезінде бірқатар созылмалы аурулар болған.
Қазіргі уақытта денсаулық сақтау министрлігі вакцина алған 115 адамның өлім себебіне вакциналаудың, аурудың және өлімнің себеп-салдарлық байланысын анықтау үшін зерттеу жүргізіп жатыр.