Денсаулық министрі адамдардан өз-өзін емдеумен айналыспауды өтінді.
ERNUR.KZ. Тұрғындар коронавирус инфекциясының алғашқы белгілері байқалғанда медициналық көмекке жүгінулері керек. Бұл туралы Үкімет отырысында ҚР Денсаулық сақтау министрі Алексей Цой мәлім етті, деп жазады ҚазАқпарат.
Министрдің айтуынша, жалпы елдің медициналық ұйымдары тұрақты жұмыс істеп тұр. Бүгінде 120 мыңнан астам пациент коронавирус инфекциясынан емделуде. Дегенмен, алғашқы тәуліктерде реанимацияға түскен науқастардың басым бөлігі, 40 пайыздан астамы «дельта» штаммын жұқтырғандар болып отыр. Аталған пациенттер өз-өзін емдеумен айналысқан және медициналық көмекке кеш жүгінген.
«Осыған орай жергілікті атқарушы органдар халық арасында аурудың алдын алу, өз-өзін емдеуге жол бермеу және медициналық көмекке дер уақытында жүгіну мәселелері бойынша ақпараттық түсіндіру үшін жұмыстарын күшейтуі қажет. Халықтан коронавирус инфекциясының алғашқы белгілері байқалғанда медициналық көмекке жүгінуді және өз-өзін емдеумен айналыспауды өтінемін. Қарапайым ережелерді сақтау жүздеген адамның өмірін құтқаратындығын есте сақтау қажет»,- деді Алексей Цой.