Қостанай облысында өртенген үйдің орнынан адам денесі табылды

0
579

Тілсіз жаудың салдарынан 91 тұрғын үй өртеніп кетті.


Қостанай облысында өртенген үйдің орнынан адам денесі табылды

ERNUR.KZ. Қостанай облысындағы орман өртімен күрес кезінде құтқарушылар адамның денесін тапты. Бұл туралы Төтенше жағдайлар министрлігі өртке қарсы қызмет комитеті төрағасының орынбасары Дмитрий Титов мәлім етті, деп жазады ҚазАқпарат.

«Қазір Қостанайдағы өрттің аумағы 42 мың гектар болып отыр. Тілсіз жаудың салдарынан 91 тұрғын үй өртеніп кетті. 2 мыңнан астам адам эвакуацияланды. Бүгінде олар өз үйлеріне оралды. Сондай-ақ, өртенген үйдің орнынан бір адамның денесі табылды», - деді Дмитрий Титов Орталық коммуникациялар қызметі алаңында өткен баспасөз мәслихатында.

Оның айтуынша, аталған өңірдегі өртпен күреске 2 мыңнан астам маман жұмылдырылды.

«Олардың қатарында біздің мамандардан бөлек, Қорғаныс министрлігі, Ішкі істер министрлігі, жергілікті атқарушы органдардың өкілдері бар. Бүгін сағат 15:00-дегі жағдай бойынша Қостанай облысындағы өрт ауыздықталды», - деді Дмитрий Титов.

Бұған дейін Қостанай облысы Аманқарағайда үйінділер астынан жоғалған ер адамның іздестіріліп жатқаны туралы хабарлаған едік.

Айта кетейік, Төтенше жағдайлар министрі Юрий Ильин Қостанай облысында табиғи өрт ауыздықталғаны туралы мәлімдеген еді .