Қостанай облысында салмағы 5 келіден асатын алып қыз дүниеге келді

0
129

Нәрестеге Ляйсан есімі берілген.


Қостанай облысында салмағы 5 келіден асатын алып қыз дүниеге келді

Фото: Іnstagram / gorbol_rud

ERNUR.KZ. Рудный қаласындағы перинаталды орталықта туған сәбидің салмағы 5 190 грамм болып, жыл басынан бергі төртінші осындай жағдай ретінде тіркелді, деп жазады stan.kz.

Қостанай облысындағы Рудный қалалық көпсалалы ауруханасының перинаталды орталығында салмағы 5 190 грамм, бойы 55 сантиметр болатын қыз бала дүниеге келді.

Нәрестеге Ляйсан есімі берілген. Ол 10 сәуір күні кесарь тілігі арқылы өмірге келген. Анасы Индираның айтуынша, жүктіліктің соңғы кезеңінде дәрігерлер баланың салмағы шамамен 3700 грамм болады деп болжаған. Алайда 41-аптаға қарай сәби салмағы едәуір артқан.

"37 аптада УДЗ-ға түскенде, қызымның салмағы шамамен 3700 грамм деген еді. 41 аптада бес келіге жеткеніне өзім де қатты таңғалдым. Қазір қызым жақсы тамақтанады, жиі емгісі келіп тұрады. Екеуміздің де жағдайымыз жақсы. Жақын күндері үйге шығуды асыға күтіп отырмыз. Қызымыздың атын жолдасым екеуміз бірге таңдадық, бізге Ляйсан есімі қатты ұнайды", – деді жас ана.

Қазір анасы мен нәрестенің жағдайы жақсы. Айта кетейік, Ляйсан Индираның екінші баласы. Алғашқы сәбиі 3100 грамм салмақпен дүниеге келген.

Дәрігерлердің мәліметінше, 2026 жылдың басынан бері осы перинаталдық орталықта салмағы 5 келіден асатын төртінші сәби тіркелген. Соңғы бір аптада мұнда 29 нәресте дүниеге келген. Оның 18-і ұл, 11-і қыз болды.

Еске салайық, бұған дейін Алматыдағы №2 қалалық перинаталдық орталықта дәрігерлер жүктіліктің 27-аптасында салмағы небәрі 730 грамм болып туған шала нәрестені аман алып қалғанын хабарлаған едік. Сәби екі айға жуық дәрігерлердің бақылауында болып, қарқынды емнің нәтижесінде салмағы 1 800 граммға дейін жеткен.