ҚР АШМ Қытайдың дрон өндірушілерімен және Ет қауымдастығымен ынтымақтастық орнатуға ниетті

0
164

Қазақстан Республикасының Ауыл шаруашылығы министрлігі мен Suzhou Eavision Robotic Technologies Co арасында техникалық ынтымақтастық туралы құжатқа қол қойылды.


ҚР АШМ Қытайдың дрон өндірушілерімен және Ет қауымдастығымен ынтымақтастық орнатуға ниетті

Астанада 500-ден астам қатысушының, оның ішінде 50 ірі қытайлық компанияның басын қосқан Қазақстан-Қытай Іскерлік кеңесінің 7-ші отырысы аясында ауыл шаруашылығы саласындағы екі меморандум жасалды, деп хабарлайды ERNUR.KZ ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігіне сілтеме жасап.

Қазақстан Республикасының Ауыл шаруашылығы министрлігі мен Suzhou Eavision Robotic Technologies Co арасында техникалық ынтымақтастық туралы құжатқа қол қойылды.

Бұл жоғары технологиялық өндіріс кәсіпорны интеллектуалды ұшқышсыз ұшу аппараттарын және күрделі сыртқы орталарға жарамды интеллектуалды роботтарды әзірлеуге және өндіруге арналған. Eavision интеллектуалды машиналары, жабдықтары мен бағдарламалық қамтамасыз етулері көптеген салаларда, соның ішінде ауыл шаруашылығында қолданылады.

Компаниямен келісім өсімдіктерді қорғауға арналған интеллектуалды ұшқышсыз ұшақтарды енгізуді қарастырады. Мұндай құрал-жабдықтарды пайдалану өсімдіктерді қорғау шараларының, сондай-ақ жалпы ауыл шаруашылығы өндірісінің тиімділігін арттырады.

Сондай-ақ Қытай ет қауымдастығымен техникалық алмасу және ет өнеркәсібіндегі ынтымақтастық туралы негіздемелік келісімге қол қойылды. Құжат Қазақстан мен Қытай арасындағы өзара іс-қимылды тереңдетуге, өнім сапасын жақсарту және екі ел арасындағы тауар айналымын арттыру үшін ет өнеркәсібіндегі технологиялармен алмасуға бағытталған.

Қытай ет қауымдастығы - құрамына ет өнеркәсібі кәсіпорындары, мемлекеттік мекемелер, ҚХР қоғамдық ұйымдары кіретін ұлттық қоғамдық ұйым. CMA мүшелігі мал шаруашылығы, сою, ет өңдеу, ет тоңазытқыш тізбегінің логистикасы, ет импорты мен экспорты, ет өнеркәсібіне арналған машиналар мен жабдықтар, ет және ет өнімдерінің ингредиенттері, ет және ет өнімдеріне арналған қаптама материалдары, сондай-ақ институттар мен колледждер, провинциялық және муниципалдық тамақ компаниялары, өңірлік ет қауымдастықтары сияқты ет өнеркәсібінің барлық тізбегін қамтиды.

Бұл серіктестік келісімдері екіжақты қарым-қатынастарды нығайтуға, аграрлық сектордағы іскерлік байланысты арттыруға және ауыл шаруашылығының инновациялық дамуын ынталандыруға ықпал етеді.