ҚР Президенті қазақстандықтарды Құрбан айт мерекесімен құттықтады

0
698

"Асыл дініміз бен салт-дәстүріміздің сабақтастығын бекемдеп, рухани құндылығымыздың ажырамас бөлігіне айналған қастерлі мейрамның күллі мұсылман әлемінде алатын орны ерекше" - Тоқаев.


ҚР Президенті қазақстандықтарды Құрбан айт мерекесімен құттықтады

ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев қазақстандықтарды Құрбан айт мерекесімен құттықтады, деп хабарлайды ERNUR.KZ Ақордаға сілтеме жасап.

"Құрметті отандастар!

Баршаңызды қасиетті Құрбан айт мерекесімен шын жүректен құттықтаймын!

Асыл дініміз бен салт-дәстүріміздің сабақтастығын бекемдеп, рухани құндылығымыздың ажырамас бөлігіне айналған қастерлі мейрамның күллі мұсылман әлемінде алатын орны ерекше.

Тарихымызбен тамырлас, танымымызбен өзектес Құрбан айт Қазақстан халқын бейбітшілік пен татулыққа, өзара сыйластыққа, береке-бірлікке үндейді. Имандылық пен парасаттылықты, жасампаздық пен мейірімді дәріптеп, жақсылыққа жол ашады.

Бүгінде жалпы адамзатқа ауыр салмақ салып отырған қауіпті індетті жеңіп шығу үшін бізге тас-түйін ауызбіршілік пен темірдей тәртіп қажет. Қазіргідей күрделі кезеңде бір-бірімізге қол ұшын беріп, барымызды бөлісіп, жұртымыздың аман-саулығын ойлап, жауапкершілік танытуымыз аса маңызды. Тілегіміз бір, ниетіміз ортақ болса, мақсатымызға жетеміз. Бірлігімізді бекемдеп, ынтымағымызды арттыратын бұл мерекенің мән-мағынасы да осында екенін баса айтқым келеді.

«Сабыр – сәулетті байлық» дейді халқымыз. Рухы асқақ ел ретінде барлық сынақты еңсеретінімізге сенемін.

Әр шаңыраққа құт-береке тілеймін! Халқымыздың амандығы үшін шалған құрбандықтарыңыз қабыл болсын! Құрбан айт баршамызға жақсылық әкелсін!" - деп жазылған құттықтауда.