АҚШ Қазақстанның тәуелсіздігін мойындаған және біздің елде өзінің дипломатиялық өкілдігін ашқан алғашқы мемлекеттердің бірі.
ERNUR.KZ. Бүгін, 1 шілдеде Қазақстан Сыртқы істер министрі Бейбіт Атамқұлов Америка Құрама Штаттарына ресми сапармен барды, деп жазады ҚазАқпарат.
СІМ басшысының сапары Қазақстанның дипломатиялық қызметі күні мен АҚШ-тың Тәуелсіздік күні қарсаңында АҚШ Мемлекеттік хатшысы Майк Помпеоның жеке шақыруы бойынша өтуде.
Айта кетерлік жайт, бұл Б. Атамқұловтың АҚШ-қа ҚР сыртқы саяси ведомствосының басшысы ретінде және Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан Президенті лауазымына сайланғаннан бергі алғашқы сапары. Сапар тұжырымдамасының негізіне Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Қазақстанның сындарлы, теңдестірілген және көпвекторлы сыртқы саяси бағытын жалғастыру туралы» инаугурациялық сөзі барысында айтылған пайымдауы болды.
Өзінің екі күндік сапары аясында Б. Атамқұлов АҚШ Президенті әкімшілігі, Мемлекеттік департамент басшылығымен, сондай-ақ іскер және сарапшылар топтарының өкілдерімен екіжақты кездесулер өткізеді деп күтілуде. Алдағы келіссөздер барысында Қазақстан-американдық кеңейтілген стратегиялық әріптестіктің өзекті мәселелері талқыланады.
ҚР Сыртқы саяси күн тәртібіндегі экономикалық дипломатияның ерекше рөлін ескере отырып, аталған сапар екі ел арасындағы іскерлік байланыстарды одан әрі дамытуға бағытталған. Соңғы жылдары Қазақстанға АҚШ-тан тікелей инвестициялар ағынының жоғары серпіні байқалуда. 2017 жылмен салыстырғанда (3,6 млрд АҚШ доллары) 2018 жылы олардың көлемі 44,7%-ға өсіп, 5,3 млрд АҚШ долларын құрады (3,6 млрд АҚШ доллар).
АҚШ Қазақстанның негізгі сауда-экономикалық серіктестерінің бірі. АҚШ-тың инновациялар мен озық технологиялар саласындағы көшбасшылығын ескере отырып, Қазақстан үздік әлемдік тәжірибе мен білімді тартуға бағытталуда. Осы және басқа да нақты мәселелер ірі америкалық компаниялардың өкілдерімен алдағы келіссөздер барысында талқыланатын болады.
АҚШ Қазақстанның тәуелсіздігін мойындаған және біздің елде өзінің дипломатиялық өкілдігін ашқан алғашқы мемлекеттердің бірі. Тәуелсіздік жылдары Қазақстан мен АҚШ арасындағы екіжақты ынтымақтастық толық сенім мен өзара түсіністік рухында дамып келеді.
Тұңғыш Президент - Елбасының 2018 жылғы қаңтардағы Вашингтонға ресми сапарының қорытындысы бойынша Нұр-Сұлтан мен Вашингтон кеңейтілген стратегиялық әріптестік деңгейіне қол жеткізе алды. Бұл екі мемлекет басшыларының бірлескен мәлімдемесінде бекітілген.