Індеттен келген тікелей шығын сомасы – 554 млн теңге.
ERNUR.KZ. Қостанай облысының Арқалық қаласындағы құс фабрикасының жұмысын қалыпқа келтіруге әлі 2 ай уақыт қажет. Құс тұмауынан кәсіпорынның 500 мыңға жуық қанаттасы баудай түсіп, іші қаңырап бос қалды, деп жазады Atameken Business.
Жылына 120 млн жұмыртқа өндіретін қаланың негізгі кәсіпорындарының бірі қазан айында өз жұмысын белгісіз мерзімге тоқтатқан болатын. Індеттен келген тікелей шығын сомасы – 554 млн теңге, ал алынбай қалған жұмыртқадан ұтылған сома – 356 млн теңге.
Мұнда еңбек ететін 200 жұмысшының жартысы бүгінде санитарлық-залалсыздандыру мен жөндеу жұмыстарына тартылған. Ал 100-ге жуық еңбеккеріне холдингтің Ақмола, Қарағанды облыстарындағы филиалдарында вахтамен жұмыс істеуге ұсыныс жасалған. Шамамен 15 адам ғана келісімін беріп, қалғандары бас тартыпты.
Бүгінде облыс басшылығы мен ауылшаруашылығы министрлігі құс фабрикасының жұмысын қайта жандандыру үшін біріккен жобаларын жүзеге асыруды қолға алды. Алдымен, індеттен қырылған 117 мың бас тауық үшін 121 млн теңге өтемақы төленген. Енді жақын арада 300 мыңнан астам қырылған қанаттыға 343 млн теңге беріледі.