Олар көлік басқармасына жол апатының туындауына қатысты ұсыным жібермек.
Фото: https://www.instagram.com/kanllolitta/
ERNUR.KZ. Астана қаласының полиция департаменті 22 жастағы бойжеткенді автобус қағып өлтіргені жайлы ақпаратты растады, деп жазады azattyq-ruhy.kz.
«Ж. Молдағалиев көшесінде маршруттық автобустың жүргізушісі белгіленбеген жерден өтіп бара жатқан жаяу жүргіншіні қағып кеткен. Алған жарақаттарының нәтижесінде жаяу жүргінші қайтыс болды. Аталған факті бойынша қылмыстық іс қозғалды. Тексеру жүргізіліп жатыр. Қылмыстық іс аясында біз көлік басқармасына жол-көлік оқиғаларының туындауына немесе жасалуына ықпал ететін мән-жайларды жою туралы ұсыным жібереміз», - делінген хабарламада.
Осыған дейін құрылыс компаниясының жол бойындағы тротуарларды абаттандырмағанының кесірінен бойжаткен жолға шығуға мәжбүр болғанын жазған едік. Марқұмның туыстары барлық тараптың жазаланғанын қалайды.