Жыл бойы әр түрлі қалалар мен аймақтар 10 ірі таныстыру турларын өткізді.
ERNUR.KZ. Қытайдағы Қазақстан туризмі жылында екі елде ай сайын іскерлік және мәдени іс-шаралар өтіп тұрды. Жыл бойы Қазақстан ITB China, ITE Hong Kong, COTTM және China International Medical Tourism Fair сияқты төрт туристік көрмеге қатысты. Оған қатысу Қазақстанға Қытайдың жетекші туроператорларымен 50-ден астам жаңа серіктестік орнатуға мүмкіндік берді. Бүгінде олардың кейбірі Қазақстанды өз каталогтарына енгізді. Сондай-ақ пресс-турлар мен таныстыру сапарлары ұйымдастырылды. Бұл – жарнамалаудың ең тиімді құралдарының бірі. Бұл жайында ҚР ТСМ Туризм индустриясы комитетінің төрағасы Нұртас Кәріпбаев ОКҚ брифингінде хабарлады.
Жыл бойы әр түрлі қалалар мен аймақтар 10 ірі таныстыру турларын өткізді. Оған туриндустрия өкілдері, сондай-ақ 100 миллионнан астам аудиториясы бар 30 пікір көшбасшысы қатысты. Бұл іс-шаралар Қазақстанға деген қызығушылықты одан әрі арттыра түсті.
«Бұл бағыттағы жұмысты одан әрі жалғастырамыз. Туристік көрмелерге қатысу және ақпараттық турлар ұйымдастыру бірлескен жұмысымыздың негізгі бағыты болып қала береді. Алматы қаласы қытайлық туристер үшін Қазақстандағы ең танымал дестинация болды. Қытайдың Шанхай, Гонконг, Сиань және Бейжің секілді ірі қалаларында туризм күндерін өткізіп, оған 400-ден астам қатысушы жиналды. Астана қаласы Бейжің қаласындағы роуд-шоу аясында іскерлік және медициналық туризм үшін жаңа бағыт ретінде таныстырылды. Сондай-ақ Қазақстанды туристік бағыт ретінде тиімді ілгерілету үшін Астана, Бейжің, Алматы, Үрімші және Гонконг қалаларында 300-ден астам екіжақты кездесу өткізілді», – деді ведомство өкілі.
Сонымен қатар бұқаралық ақпарат құралдары арқылы Қазақстанның туристік әлеуетін ілгерілетуге және қызығушылықты ынталандыруға көп көңіл бөлінді. Қазақстан туралы 3 сериялы «bond with China» деректі фильмі Қытайдың ең ірі ССТV арнасында көрсетілді. Маркетингтік платформалар мен әлеуметтік желілер арқылы да жүйелі жұмыс жүргізілді. Танымал блогерлер елімізге келді. Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігімен бірлесе жасалған жұмыстар нәтижесінде әлеуметтік желілерде Қазақстан туралы жазбалар 60 млн астам қаралым жинады.
«Мәдени алмасу мақсатында әкімдіктермен және Мәдениет және ақпарат министрлігімен бірлесіп, Дэчжоу және Ланфан қалаларында «Қазақконцерт» ұжымының гастрольдері, сондай-ақ Тяньцзинь қаласындағы ҚР Ұлттық музейі қорларының көрмесі сияқты мәдени іс-шаралар ұйымдастырылды. Туризм жылының ашылуы аясында Бейжіңде «Наурызфест» этнофестивалі, ал Үрімші қаласында гастрофестиваль өткізілгенін атап өткен дұрыс», – деді спикер.
Қазақстан мен Қытайда автотуризмнің танымалдылығы артып келеді. Осыған орай, былтыр осы бағытты дамытуға арналған бірнеше халықаралық іс-шара өтті. «Жібек жолы» автошеруі, Жібек жолы бойынша мототур және «Paris-Peking Motor Challenge» халықаралық іс-шарасы Қазақстанның автотуристер үшін тартымды ел ретіндегі имиджін нығайтуға ықпал етті. Сондай-ақ инфрақұрылым мен ілеспе қызметтердің дамуын ынталандырады. Осындай бастамалардың нәтижесінде Қазақстан Халықаралық автотуризм картасында маңызды орын алды.