Қытайда қазақтар туралы сериал көш бастады

0
433

"Менің Алтайым" телехикаясы жазушы Ли Цзуань шығармасының желісі бойынша түсірілген.


Қытайда қазақтар туралы сериал көш бастады

ERNUR.KZ. Қытай қазақтары туралы "Менің Алтайым" атты 8 бөлімнен тұратын туынды Қытай Орталық Телевизиясы CCTV-1 телеарнасындағы қаралым рейтингі ең жоғары телехикая атанды, деп жазады inbusiness.kz.

Рeople.com сайтының хабарлауынша, телехикая көгілдір экранға шыққан алғашқы күні-ақ бірінші орынға шыққан.

Сондай-ақ, Қытайдың онлайн видео платформасындағы телехикаяның көрілімі алғашқы екі күнде 10 миллионнан асты. Ал қытайлық 抖音(Tiк Tok) және 微博(Weibo) әлеуметтік желілерінде "Менің Алтайым" ең көп ізделген сөзге айналған.

Zhihu.com сайтының хабарлауынша, "Менің Алтайым" туындысы қытайлықтардың Шыңжаңға көптеп саяхаттап келуіне себеп болған. Бұл күнде, телехикая түсірілімі болған әсем тәбиғатқа келушілер саны артып, жергілікті қонақүйлерге тапсырыс артты.

Айта кетейік, "Менің Алтайым" телехикаясы жазушы Ли Цзуань шығармасының желісі бойынша түсірілген. Басты рөлдерде қытайлық танымал актер Ма Йили және Чжоу Иран, шыңжаңдық қандасымыз Алма мен Қайрат ойнайды.

Шығарма 2010 жылы жарық көрген. Онда жазушы Ли Цзуань анасымен бірге Алтай аймағының қазақ ауылындағы бастан кешкен оқиғалары, көркем табиғат пен қазақтардың тұрмыс-тіршілігі суреттеледі.

Телехикаяда Алтайда шағын дүкен ашқан Хань қызы Ли Вэньсю мен оның жанұясының жергілікті қазақ малшыларымен байланысы, арақатынасы туралы баяндалады.

Ли Вэньсиу Алтайда дүниеге келген, бірақ ол үлкен қаланы және жазушы болуды армандайды. Алайда қиындықтарға кезіккен қыз үйіне қайтып, дүкен басқаратын анасына көмектесе бастайды. Кейін Вэньсю Батай есімді қазақ жігітімен танысып, бірте-бірте туған жерінің сұлулығын көре бастайды.

Кинодағы көркем табиғат көріністері, бай және қайталанбас халық мәдениеті, қарапайым және өмір философиясы көптеген көрерменді өзіне баурады, сонымен қатар желі қолданушыларының назарын Алтайға аударды.

Алтай аймағы Алтай тауларының оңтүстік етегінде, Жоңғар ойпатының солтүстік шетінде орналасқан, Ресеймен, Қазақстанмен, Моңғолиямен шектеседі.

“Менің Алтайым” сериалының әлемдік тұсаукесері 7 сәуірде Канн қаласында өтті. Фильм басқа 7 сериалмен негізгі байқауда 5 жүлдеге таласты.