Фото: thepaper.c
Фото: thepaper.c
ERNUR.KZ. Қытайлық қандасымыз Ербол Зықанұлы Ганьсу провинциясының Чжанъе қаласына әкім болып сайланды, деп жазады inform.kz.
Басылымның жазуынша, Чжанъе қалалық V Халық өкілдері жинасының төртінші сессиясының кезекті отырысында Е.Зықанұлы қалалық әкімдіктің басшысы қызметіне бірауыздан сайланды.
Қытайлық басылым ҚХР ШҰАР аудиторлық басқармасының жетекшісі қызметінде болған Е. Зықанұлының 2024 жылы қазан айында Чжанье қалалық партия комитеті хатшысының орынбасары, қала әкімінің міндетін атқарушы болып тағайындалғанын еске салады.
Ашық дереккөз бойынша, Е.Зықанұлы 1973 жылы мамырда Қытайдың Алтай өңірінде дүниеге келген, жоғары білімді. Бұған дейін Буыршын ауданының әкімі, Алтай аймағы әкімшілік басшысының орынбасары секілді лауазымды қызметтер атқарған.
Е.Зықанұлы – Қытайдағы ұлты қазақ мемлекеттік қызметкерлердің арасында ШҰАР аумағынан тыс жерде өңірлік маңызы бар қалаға әкім болып сайланған алғашқы тұлға.
Чжанъе – Қытайдың Солтүстік-батысындағы Ганьсу провинциясына қарасты жергілікті маңызы бар қала. Жалпы жер ауданы 39 436,53 шаршы шақырым, тұрғылықты халық саны 1,2 млн-ға жуық, оның 97 пайызы этникалық қытайлар. Қалаға тәуелді Сунань сарыұйғыр автономиялық ауданы Қытайда ғана кездесетін түркітілдес сарыұйғыр халқының тарихи мекені саналады. Сондай-ақ қала округінде дүнген, моңғол, тибет халықтарының өкілдері тұрады.
Айта кетейік, Қытай АҚШ-тың 28 компаниясына шектеу қойды.