30-дан астам қызметкер қызмет атқару кезінде қаза болған.
ERNUR.KZ. Алматы облысы Көксу ауданының полицейлері қызметтік міндеттерін орындау барысында бақилық болған әріптестеріне арнап ескерткіш орнатты, деп жазады baq.kz.
Салтанатты шараға қаза болған қызметкерлердің жақындары, облыстық полиция департаментінің бастығы Мұрат Ұрұмханов, аудан басшылығы, аудандық полицияның жеке құрамы және жергілікті тұрғындар қатысты.
«Алматы облысында 30-дан астам қызметкер қызмет атқару кезінде қаза болған. Біз олардың ерлік істері мен жарқын бейнесін ешқашан ұмытпаймыз. Олардың артында қалған отбасына қолымыздан келгенше қолдау көрсетудеміз. Бүгінгі ашылған ескерткіш олардың аласармас айбыны мен ел тыныштығы жолында құрбан болған ғұмырының мәңгілік белгісі болмақ. Біз оларды қашанда құрмет тұтамыз», - деді полиция генерал-майоры Мұрат Ұрұмханов.
Көксу ауданында екі қызметкер міндет атқару кезінде қапияда қаза тапқан. Оның бірі – Ем Георгий Чан-Сикович 1993 жылы қандықол қылмыскердің қолынан қаза болса, екінші қызметкер Айдын Байсалбаев 2004 жылы күдіктілерді полиция бөліміне әкеле жатқанда жол-көлік оқиғасында бақилық болған.
Іс-шара барысында қатысушылар ескерткішке гүл шоқтарын қойып, қаза тапқан әріптестерін еске алды. Тәртіп сақшылары дәстүр бойынша аспанға мылтықтан оқ атып, қаза тапқан әріптестерінің айбынды бейнесіне құрмет көрсетті.
Сонымен қатар, Көксу ауданының полицейлері іс-шараға қатысушыларды қызметкерлерге арналған тир, дене шынықтыруға арналған зал және тұрғындарға сапалы қызмет ету үшін ашылған жаңа фронт-кеңсені тамашалауға шақырды.