Қызылорда облысы – «Үздік мәдени өңір»

0
112


Қызылорда облысы – «Үздік мәдени өңір»

Қызылорда облысы қашан да руханият, мәдениет саласына айрықша назар аударып, көптеген жақсы нәтижелерге қол жеткізіп келе жатыр. Бұл тұрғыда өңірдегі руханиятты ұшпаққа шығаруға мемлекет тарапынан атқарылып жатқан жұмыстардың ықпалы зор.


Мәселен, жыл басында облыс орталығына қарасты Талсуат елдімекенінде 150 орынға лайықталған жаңа клуб іске қосылды. Сол кезде облыс басшысы 2024 жылы балалар және жасөспірімдер шығармашылығын дамыту мақсатында «Шығармашылық академиясы» бой көтеретінін айтқан. Сонымен қатар, өңірде 150 орынға шақталған тағы төрт клуб пайдалануға берілетінін, ұлттық құндылықтарды ұлықтайтын «Анаға тағзым» және «Отбасы» нысандарының іске қосылғаны, мың орынға шақталған «Өнер» орталығы ел игілігіне тапсырылатыны, алдағы уақытта жеті ауданда салтанат сарайлары, кітапхалалар, мұражайлар мен руханият орталықтары салынатыны мәлім болған еді.


Көп ұзамай Қазалы ауданында алты жүз орынға лайықталған мәдениет үйі жұмысын бастады. Одан бөлек, таланттарға бай өлкеде жүз орынды клуб ашылып, Кәукей елдімекенінде де клуб құрылысы басталған.


Жалпы, Ақмешіт өңірінде соңғы жылдары өзге де ауқымды жұмыстар атқарылған. Айталық, облыстың мәдени брендіне лайықты «Шірік-Рабат Сақ жауынгері» және «Сығанақ ханшайымының» алтынмен апталған мүсіндері өңір мұражайына тапсырылған. Одан бөлек, зерттеушілердің деректері бойынша алтын киім киінген «Түгіскен көсемі», «Жетіасар ақсүйек әйелі» мүсіндері әзірленіп, ел назарына ұсыну жоспарланған. Оған қоса, ел мерейі үстем болып, руханияты жаңғыратын Наурыз мерекесі қарсаңында Қызылорда облысы 2024 жылы «Руханият жылы» деп жариялады. Атаулы жыл аясында рухани-мәдени іс-шаралардан бөлек, ауқымды жобалар да іске асырылады деп көзделген.


Ал бұған дейін өңірдегі мәдениет саласын өркендетуге сүбелі үлес қосқан мамандарға «Тұран» сыйлығы беріліп, алғашқы рет елуден астам музыка маманынан құрылған оркестр дүниеге келді. Арнайы әлеуметтік санатқа жататын азаматтар үшін инклюзивті театр үйірмесі іске қосылып, жастар театры қайта жұмыс бастаған. Ал, биыл жыраулар орталығы, неке залы, мұрағат, жастар сарайы сынды нысандарды ашу жоспарланған. Сонымен қатар, Сырдария өзенінің сол жағалауында тарихи жәдігерлерді насихаттау мақсатында 1,6 миллиард теңгеге жаңа мұражай бой көтермек.


Сондай-ақ, сәуірде Сырдария ауданында салынатын «Руханият» орталығының іргетасы қаланды. Түрлі бағытта жұмыс істейтін бірнеше мекемені бір жерге біріктіретін бұл жоба бюджетті үнемдеп, шығындарды азайтуға да мүмкіндік береді. Жалпы, барлық ауданда салынатын мұндай орталықтардағы кітапханалар тәулік бойы қалтқысыз қызмет етпек.


Одан бөлек, облыс орталығында 650 орынға шақталған музыкалық колледж салынып жатса, облысқа қарасты барлық мәдениет үйлерінің жанынан құрылған «Адал адам» орталықтары адами құндылықтарды дәріптеуде. Екі ауданда оқушылар үйі мен өнер мектептері салынып жатыр.


Көктемде облыс орталығында мәдени ісшара өткізіліп, бұл жиынға «ТҮРКСОЙ» ұйымының бас хатшысы Сұлтан Раев, Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева, қоғам қайраткерлері мен зиялы қауым өкілдері қатысқан еді. Сол іс-шарада Қызылорда облысы халықаралық «ТҮРКСОЙ» ұйымының «Үздік мәдени өңір» аталымына ие болғаны жарияланып, бұл марапат облыс басшысына табысталған болатын. Бір ерекшелігі – бұл номинация «ТҮРКСОЙ» шеңберінде екі-ақ адамға берілген. Олардың бірі «Нобель» иеленген дарын болса, екіншісі қазақтың мақтанышы – Димаш Құдайберген.


Сол жиында мәлім болғандай Елорданың 25 жылдығы аясында «Сұлу Сырдан – ару Астанаға» тақырыбымен Қызылорда өңірінің мәдени күндері өткізілгені, бұл іс-шара Алматы қаласында да ұйымдастырылатыны айтылған. Оған қосыа, облыс әкімінің бастамасымен мәдениет пен руханиятты дамытуға мол үлес қосқан азаматтарға «Қызылорда облысының Құрметті азаматы» атағы берілген еді.


Жалпы, өңірде қолға алынып, жыл сайынғы дәстүрге айналған «Тұран» сыйлығы, жаңадан ашылған «Жыраулар үйі», құрылысы басталған жаңа мұражай, әр ауданда салынып, заман талабына сай қызмет ететін руханият орталықтары, балалардың дарынын жан-жақты дамытатын «Шығармашылық академиясы» - бәрі-бәрі Сыр өңірінің рухания саласына серпін береді деп ойлаймыз.


Б.Мейірханұлы,

ERNUR.KZ