Қызылорда-Жезқазған жолына тартылатын сыртқы қарыздың пайыздық мөлшерлемесі қандай

0
231

Вице-премьер қарыздың пайыздық мөлшерлемесін де атады.


Қызылорда-Жезқазған жолына тартылатын сыртқы қарыздың пайыздық мөлшерлемесі қандай

Фото: Нұрболат Нұржаубай

ERNUR.KZ. Премьер-министрдің орынбасары — Ұлттық экономика министрі Нұрлан Байбазаров Қызылорда-Жезқазған жолына Азия даму банкінен тартылатын сыртқы қарыздың пайыздық мөлшерлемесі қандай екенін айтты, деп жазады inform.kz.

«Азия даму банкімен Қызылорда-Жезқазған жолын салу бойынша келісімге қол қоямыз. Келісім бойынша Азия даму банкі бізге 300 млн доллар ақша бөліп жатыр. Шарттары өте тиімді. 20 жылдан астам уақытқа беріліп жатыр. Өте ұзақ уақытқа, тиімді шарттармен. Менің ойымша, бұл өте жақсы инвестиция. Өйткені Қызылорда мен Жезқазғанның арасын жалғау біраз мәселені шешеді. Жаңа облыс (Ұлытау облысы — ред.) пайда болды. Кейін осы байланыс экономиканың дамуына үлкен үлес қосады. Жүк айналымы көбейеді, адамдардың ары-бері келіп тұруына, сауда жасауына жақсы, қолайлы жағдай жасаймыз деп ойлаймын», — деді Нұрлан Байбазаров.

Вице-премьер қарыздың пайыздық мөлшерлемесін де атады.

«Пайыздық мөлшерлемесіне келсек, Азия даму банкі 3-4 пайыз арасында береді. Өте тиімді, ұзақ мерзімге. Қаржы келесі жылдың басында түседі, құрылыс жұмыстары басталады. Азия даму банкімен серіктестік орнатқанымызға 30 жыл болды. Бұдан әрі де Қазақстанға қолдау көрсететіндерін айтып жатыр. Қазір бүкіл әлем жасыл энергетикаға көшіп жатыр. Сол жағынан да көмектесуге дайын», — деді Ұлттық экономика министрі.

Бұған дейін хабарлағанымыздай, жыл соңына дейін 4,7 млрд доллардың 239 жобасы іске қосылады.