Легионерлерге бюджеттен қаржы бөлінбейді: заң күшіне енді

0
296

Жаңа заң спорт саласын жаңғыртуға, спорт саясатының тиімділігін арттыруға және бюджет қаражатын оңтайлы пайдалануға бағытталған.


Легионерлерге бюджеттен қаржы бөлінбейді: заң күшіне енді

Коллаж: Kazinform; Freepik

ERNUR.KZ. Бүгін Президент Қасым-Жомарт Тоқаев 2025 жылғы 15 сәуірде қол қойған «ҚР кейбір заңнамалық актілеріне дене шынықтыру және спорт, сондай-ақ артық заңнамалық регламенттеуді болғызбау мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Заң күшіне енді, деп жазады inform.kz.

Туризм және спорт министрлігінің хабарлауынша, жаңа заң спорт саласын жаңғыртуға, спорт саясатының тиімділігін арттыруға және бюджет қаражатын оңтайлы пайдалануға бағытталған.

Командалық спорт түрлеріндегі клубтарды ұстауға арналған бюджет лимиті айлық есептік көрсеткішке (АЕК) байланысты бекітілді. Бұл инфляцияны ескеруге мүмкіндік береді және жыл сайын қаржыландыру көлемін қысқартуға жол бермейді.
— Бүгінде басым бағыт ретінде 60-тан астам спорт түрі айқындалды. Олардың шамамен 30-ы еліміздің әрбір өңірінде дамиды. Оның ішіне Олимпиада, Паралимпиада, Сурдлимпиада, Азия және Пара Азия ойындары бағдарламасына енген, сондай-ақ ұлттық спорт түрлері кіреді. Сондай-ақ спорт федерацияларының мәртебесі нақтыланды, яғни республикалық және өңірлік бірлестіктер ұлттық аккредиттелген федерациялар деңгейіне ауыстырылды. Аккредитацияның міндетті шарты ретінде, жергілікті федерациялардың ұлттық құрамға мүшелігі бекітілді, — делінген хабарламада.
Одан әрі ведомство таратқан ақпаратта І топтағы мүгедектігі бар спортшылардың сүйемелдеушілері заңмен қорғалғаны айтылған. Олар спортшыға киім ауыстыру, арбаны алмастыру, медициналық тексеруден өту және өзге де жағдайда көмек көрсетеді. Бұл норма жаттығу барысы мен жарыстарға қатысу жағдайын жақсартуға бағытталған.
Одан бөлек, жаңа заңда спорт ұйымдары басшыларын 5 жылдық мерзіммен ротациялау жүйесі енгізілді. Егер белгілі бір ауданда жалғыз спорт құрылымы болса, ротация сол облыс аумағындағы көршілес аудан немесе қала арасында жүзеге асырылады.
— Аталған өзгерістер қазіргі жағдайды жан-жақты талдау негізінде қабылданды. Елімізде 180-нен астам спорт түрі дамыса да, халықаралық ареналарда тұрақты нәтиже көрсететін небәрі 14 жазғы және 5 қысқы олимпиадалық спорт түрі бар. Қаржылық шығындардың өсуі, нәтиженің төмендеуі және жүйелі тәсілдің болмауы заңнамалық реформаның қажеттігін туғызды, — дейді министрліктен.
Бүгінде Туризм және спорт министрлігі заңға енгізілген түзетулерді іске асыруға кірісті.
Еске салайық, биыл 15 сәуірде Президент легионерлерді бюджеттен қаржыландыруға тыйым салатын заңға қол қойды.