Лифтідегі шабуыл: зардап шеккен баланың анасы ұлының жағдайы туралы айтты

0
232

2025 жылы 11 ақпанда Астанада 14 жастағы жасөспірім лифтіде балаға пышақпен шабуыл жасаған.


Лифтідегі шабуыл: зардап шеккен баланың анасы ұлының жағдайы туралы айтты

фото: видеодан скрин

ERNUR.KZ. Астанадағы тұрғын үй кешенінің лифтінде пышақпен шабуыл жасалған бес жасар баланың анасы оның қазіргі жағдайы туралы айтып берді, деп жазады tengrinews.kz.

Әйелдің айтуынша, балаға жарақаттан кейінгі нейропатия диагнозы қойылған – бұл бет жүйкесінің зақымдануы, соның салдарынан оның сол жақ беті қозғалмай қалған. Қазір ол физиотерапия курсынан өтіп жатыр, алайда дәрігерлер әлі нақты болжам жасай алмай отыр.

"Сол жағы қозғалмайды. Дәрігерлер қалпына келу процесі біраз уақыт алуы мүмкін дейді. Қосымша ота жасау қажеттілігі туралы әзірге нақты ешкім ештеңе айта алмайды. Бір жылдың ішінде оңалту барысында белгілі болады", – деді зардап шеккен баланың анасы.

Мамандардың айтуынша, мұндай жарақаттар кезінде көп нәрсе ағзаның жеке ерекшеліктері мен реабилитацияның тиімділігіне байланысты. Физиотерапия жүйке мен бұлшықеттерді ынталандыруға бағытталған, алайда қалпына келу процесі ұзаққа созылуы мүмкін. Дәрігерлер баланың жағдайын үнемі бақылап отыр, бірақ әзірге ота қажет пе, жоқ па деген сұраққа нақты жауап бере алмайды.

Еске салайық, 2025 жылы 11 ақпанда Астанада 14 жастағы жасөспірім лифтіде балаға пышақпен шабуыл жасаған. Оқиғаны тергеу кезінде кәмелет жасына толмаған жасөспірім психоневрологиялық диспансерде есепте тұрғаны анықталған.

Астана Полиция департаменті бастығының орынбасары Қуаныш Орынбетовтің айтуынша, балаға жасалған шабуыл бойынша қылмыстық іс қозғалған.

Қалалық денсаулық сақтау басқармасының мәліметінше, зардап шеккен бала бес жаста. Оқиғадан кейін ол көпсалалы №2 қалалық балалар ауруханасының жақ-бет хирургиясы бөліміне жатқызылған.

Дәрігерлер оның жалпы жағдайын ауыр деп бағалады. Ал отадан кейін баланың жағдайы тұрақты екені айтылды.