МӘМС арқылы медициналық көмекті қалай алуға болады: әрбір қазақстандық білуі керек маңызды

0
139

2020 жылғы 1 қаңтардан бері Қазақстанда Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру (МӘМС) жүйесі жұмыс істейді.


МӘМС арқылы медициналық көмекті қалай алуға болады: әрбір қазақстандық білуі керек маңызды

Фото: Zakon.kz

ERNUR.KZ. Алайда ел тұрғындарының бұл жүйеге қатысты сұрақтары әлі де көп. Осыған байланысты Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры жиі қойылатын сұрақтар мен жауаптар топтамасын әзірледі.

Сұрақтар мен жауаптар тізімі төмендегідей.

Егер мен өз емханамдағы қызмет сапасына қанағаттанбасам, терапевттен басқа клиникадағы тар бейінді мамандарға немесе диагностикалық зерттеуге жолдама алуға бола ма?

Консультативтік-диагностикалық қызметтерді науқасқа тек емдеуші дәрігер тағайындайды. Ол пациенттің жағдайын, шағымдарын, белгілерін қарап, зерттеп, қажет болған жағдайда зертханалық және аспаптық тексерістерге жолдама береді.

"Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы" Кодекске сәйкес, қазақстандықтар дәрігерді және медициналық ұйымды еркін таңдауға құқылы. Яғни, пациент өз қалауы бойынша басқа клиникада медициналық қызмет алғысы келетінін дәрігерге айта алады. Бірақ бұл клиника қордың жеткізушілер базасында тіркелуі тиіс.

Жолдама берілген кезде ақпараттық жүйелер арқылы клиникамен қосымша келісім автоматты түрде жасалады.

МӘМС аясында жоспарлы түрде ауруханаға жату қажет болса, не істеу керек?

Пациент тіркелген жері бойынша емханаға барып, дәрігердің қарауынан өтеді. Қажет болған жағдайда емдеуші дәрігер тиісті тексерулер тағайындап, жатқызуға жолдама жазады. Пациент дәрігермен бірге қалаған медициналық ұйымды таңдай алады.

Одан кейін емдеу хаттамасына сәйкес зерттеулердің тізімі беріліп, пациентті "Емдеуге жатқызу бюросы" порталына кезекке қою рәсімі жүргізіледі.

Осыдан кейін пациент емдеуге жатқызу талонын алып, өзінің кезегін портал арқылы бақылап отыра алады.

Учаскелік акушер (фельдшер, медбике) қандай көмек көрсете алады?

  • Орта буын медицина қызметкерлері дәрігерге дейінгі көмекті көрсетеді, оның ішінде:
  • Денсаулық жағдайын бағалау және ауруларды анықтау мақсатында қабылдау және тексеру;
  • "Жүкті және ұрпақты болу жасындағы әйелдер регистріне" деректерді енгізу;
  • Жүкті әйелдерге, босанғандарға шұғыл көмек көрсету;
  • Созылмалы аурулары бар жүкті әйелдерді бақылау;
  • Акушер-гинеколог дәрігердің тағайындауларын бақылау;
  • Физиологиялық жүктілікті бақылау және патронаж жүргізу;
  • Жүкті, босанған және гинекологиялық аурулармен ауыратындарға үйге барып қызмет көрсету;
  • Ерте кезеңде ауруларды анықтау үшін скринингтер және профилактикалық тексерулер жүргізу;
  • Отбасын жоспарлау және репродуктивті денсаулық бойынша кеңес беру;
  • Диспансерлік есепте тұрғандарды динамикалық бақылауға көмектесу;
  • Есепте тұрғандар үшін дәрі-дәрмек жазып беру.

Қандай жағдайларда медициналық қызметкерді үйге шақыруға болады?

Үйге шақыру қызметі жіті жағдайлар немесе созылмалы аурулардың асқынуы кезінде, егер ағзалар жүйесінде айқын бұзылыстар болмаса, көрсетіледі.

Учаскелік медбике немесе фельдшер қызмет көрсететін жағдайлар:

  • Шақыру кезінде дене қызуы 38°C-тан төмен болса;
  • Қан қысымының көтерілуі, бірақ жағдайының айтарлықтай нашарламауы;
  • Есінен танусыз, қан кетусіз, кенеттен жағдайы нашарламаған жарақаттар немесе аурулар кезінде кеңес және көмек қажет болғанда.

Учаскелік дәрігердің үйге баруын қажет ететін жағдайлар:

  • Шақыруды қабылдаған тіркеу бөлімі, учаскелік медбике немесе фельдшер дәрігерлік тексеруді қажет деп тапса;

Вакцинациядан кейін жағдайы нашарласа.

  • 5 жасқа дейінгі балалар, жүкті және босанған әйелдер денсаулығы нашарлаған кез келген жағдайда үйде медициналық көмек алады. 65 жастан асқан адамдар – қозғалысы шектеулі болған жағдайда үйде қаралады.

МӘМС аясында психологтың көмегін алуға бола ма?

  • Иә, психолог немесе психотерапевт консультациясы арнайы медициналық көмектің құрамына кіреді. Ол психикалық бұзылыстарды диагностикалау, емдеу, медициналық оңалту сияқты жағдайларда көрсетіледі, соның ішінде қашықтан медициналық қызметтер арқылы.

Поликлиника деңгейінде пациентке мынадай қызметтер қолжетімді:

  • Психологтың қабылдауы;
  • Балалар арасындағы суицидтің алдын алу бойынша сабақтар өткізу;
  • Мінез-құлықтық және психобелсенді бұзылыстар күдігімен қабылдау;
  • Әлеуметтік мәселелер бойынша кеңес беру (жас ерекшеліктеріне бейімделу бойынша да);
  • Созылмалы аурулары бар науқастарға өзін-өзі басқаруға үйрету;
  • Жүкті әйелдерге, жасөспірімдер мен жастарға арналған жастар денсаулық орталықтарында қызмет көрсету.

Психологтың консультациясы ТМККК (Кепілдендірілген тегін медициналық көмек көлемі) аясында да, МӘМС жүйесі аясында да қолжетімді.