Бірақ табыс тұрақтанғаннан кейін төленбеген айлар үшін берешекті өтеу қажет болады.
фото: Sputnik / Владислав Воднев
ERNUR.KZ. 2026 жылдан сақтандыру мәртебесі 6 айға дейін сақталады. Бұл туралы Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының Алматы қалалық филиалы хабарлады, деп жазады sputnik.kz.
Толығырақ айтқанда, 2026 жылдың 1 қаңтарынан бастап МӘМС жүйесіне кемі бес жыл бойы тұрақты жарна төлеген азаматтардың мәртебесі төлем уақытша тоқтаған жағдайда да алты ай бойы сақтандырылады.
Бұл "Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру туралы" заңға енгізілген өзгерістердің нә"әтижесінде мүмкін болып отыр. Яғни, жаңа норма бұрын МӘМС жүйесіне тұрақты жарна төлеп келген, бірақ уақытша табыссыз қалған азаматтардың мүддесін қорғайды.
"Егер азамат МӘМС жүйесіне кемінде бес жыл қатарынан жарна төлеген болса, оның сақтандыру мәртебесі алты ай бойы сақталады. Мұндай жағдайға көбіне жұмысынан айырылып, уақытша жұмыссыз қалған адамдар тап болуы мүмкін. Бірақ бұл жеңілдікті жүйедегі барлық төлеушілер бірдей қолдана алады", – деді филиал директоры Ілияс Мұхамеджан.
Бұл өзгерістер жұмысынан айырылған немесе уақытша қаржылық қиындықтарға тап болған тұрғындардың медициналық көмектен қағылмауын қамтамасыз етеді. Бірақ табыс тұрақтанғаннан кейін төленбеген айлар үшін берешекті өтеу қажет болады. Жарна төленбей қалған айлар үшін төлемді дербес төлеуші ретінде төлеуге болады.
2026 жылы бұл санаттағы азаматтар үшін ай сайынғы жарна мөлшері 4 250 теңгені құрайды.
Айта кету керек, қазіргі қолданыстағы нормаға сәйкес, төлемдер тоқтаған жағдайда сақтандырылған мәртебесі 3-ақ ай сақталады.


