Алдын ала болжам бойынша, өрттің шығуына жүк вагонындағы газ баллонының жарылуы себеп болған.
ERNUR.KZ. Маңғыстау облысында "Маңғышлақ-Ақтөбе" пойызының жүк вагонында өрт шықты. Бұл туралы ТЖМ ресми өкілі Талғат Уәли айтты, деп жазады Tengrinews.kz.
Төтенше жағдай 14 желтоқсанда сағат 04.30-да болған.
"Осы уақытта Маңғыстау облысы Төтенше жағдайлар департаментіне Бейнеу ауданындағы № 464 айырығында № 109 "Маңғышлақ-Ақтөбе" жолаушылар пойызының жүк тасымалдау вагоны өртенгені туралы ақпарат келіп түсті. Оқиға орнына ТЖ департаменті, апаттар медицинасы орталығы, "ҚазмұнайТеңіз" МӨҚҚ, "ҚТЖ" ҰҚ АҚ 30 маманы мен 7 техника және 1 өрт сөндіру пойызы жіберілді", - делінген хабарлама.
Өрттің басқа вагондарға таралуына жол бермеу мақсатында багаж вагоны жолаушылар вагонынан ажыратылған.
"Өрт салдарынан 5 адам, оның ішінде 1 бала түрлі дәрежедегі күйік алды. Зардап шеккендер Бейнеу ауылындағы орталық ауруханаға жеткізілді. Алдын ала болжам бойынша, өрттің шығуына жүк вагонындағы газ баллонының жарылуы себеп болған", - делінген хабарламада.
Құтқарушылар өртті таңғы сағат 07.19-да сөндірген, жүк вагоны толығымен жанып кеткен. Сағат 09.18-те жолаушылар вагондары Ақтөбе станциясына жіберілді.
Қазіргі таңда ішкі істер органдары өрттің себебін анықтап жатыр.