Маңғыстау облысының Сайөтес ауылында тұратын 4-сынып оқушысы Азамат Тоқсанбай сайыста ұтып алған 1 миллион теңгені мектебіне сыйлаған болатын.
ERNUR.KZ. ҚР Білім және ғылым министрлігі мектепке дейінгі және орта білім комитетінің төрайымы Гүлмира Кәрімова Маңғыстау облысының Сайөтес ауылындағы 4-сынып оқушысының сайыста ұтып алған 1 миллион теңгені мектебіне сыйлағанына пікір білдірді, деп жазады ҚазАқпарат.
«Маңғыстау облысының төртінші сынып оқушысы математика сабағында қолдануға арналған құрал жасап, өзінің білімі мен күш-жігерінің арқасында республикалық конкурста 1 миллион теңге ұтып алғаны қуантады.
Дарынды балалардың әлеуетін көтермелеу және ашу өте маңызды. Оқушының ол сыйақыны өз мектебіне интерактивті тақта сатып алуға жұмсауға ниет білдіргені оның кең жүректі екенін және бойында басқа да жағымды қасиеттері бар екенін көрсетеді.
Бұл ретте, интерактивті тақтаны республикалық конкурста жеңіске жеткен оқушы емес, жергілікті атқарушы орган сатып алуы тиіс деп санаймын. Әрине, балалардың өз мектебін қолдауға және дамытуға деген ұмтылысын көтермелеу және қолдау керек, бірақ мұндай жолмен емес», -дейді комитет басшысы
Министрлік өкілі мектептерді заңды түрде қаржыландыру жергілікті әкімдіктердің құзыретінде екенін еске салды.
«Қажетті жабдықтарды сатып алу үшін әкімдіктерге бюджет қаражаты бөлінеді. Маңғыстау облысының білім басқармасына зияткерлік конкурста жеңіске жету нәтижесінде алынған ақшаны мектеп оқушысына қайтарып, жергілікті бюджеттен бөлінген қаражат есебінен қажетті құрал-жабдықтар сатып алу ұсынылды», - дейді Гүлмира Кәрімова.
Еске салсақ, Маңғыстау облысының Сайөтес ауылында тұратын 4-сынып оқушысы Азамат Тоқсанбай сайыста ұтып алған 1 миллион теңгені мектебіне сыйлаған болатын.