Марқұм Шерзаттың әкесі қолына пышақ ұстап, журналистердің келуін талап етті (видео)

0
229

Оны полиция ұстап алып кеткен.


Марқұм Шерзаттың әкесі қолына пышақ ұстап, журналистердің келуін талап етті (видео)

Фото: Видеодан скрин

ERNUR.KZ. Қаза болған жасөспірім Шерзат Полаттың әкесі Қаржаубай Нұрымов бұқаралық ақпарат құралдарымен кездесуді талап етті. Газельдің үстіне шыққан Қаржаубай журналистер келмеген жағдайда өзіне қол жұмсайтынын мәлімдеді, деп жазады stan.kz.

ТikTok желісінде "Бакося" есімді аккаунттан Қаржаубай Нұрымовтың қарындасы Бақыт тікелей эфирге кіріп, оқиғаны түсірді. Видеода Қаржаубайдың жүк көлігінің төбесіне шығып, журналистермен кездесуді талап еткені көрінеді. Алматы облысы Еңбекшіқазақ ауданы Азат ауылындағы оқиға орнында күштік құрылым қызметкерлері, азаматтық тұлғалар, оның ішінде марқұм жасөспірім мен оның ағасының туыстары жиналған.

Оқырмандардың бірі редакцияға оқиғаның қалай болғанын қысқаша баяндап берді. Оқырманның айтуынша, Қаржаубайдың жалғыз талабы – құқық қорғау органдары ұлы мен інісінің өліміне қатысты жағдайды әділ тергеуі.

"Видео толық түспей қалды, бірақ Қаржаубай газель көлігінің төбесіне шығып айқайлап жатты. Жан-жақтың бәрін полиция қызметкерлері қоршап тұр. 1-2 минуттан кейін Қаржаубайды жерге құлатып түсіріп, сол жерден эфир үзіліп кетті. Туысқаны емеспін тек қолдаушысымын. Бірақ мына эфир әрі кетсе 5 минут қана ашылып үзіліп кетті. Бірақ сол 5 минутта 15 мыңнан аса адам көріп отырды", – деп жазды редакцияға оқырмандардың бірі.

Видеода көлік үстінде Нұрымовпен бірге бір әйелдің де отырғаны көрінеді. Видеодан Қаржаубайдың қарындасы Бақыттың ағасын ұрмауын өтініп, айғайлап жатқаны естіледі.

Алматы полиция департаменті осы жағдай бойынша түсініктеме берді. Олардың айтуынша, оны қоғамдық тәртіпті бұзғаны үшін ұстап алып кеткен.

“Бүгін сағат 15:30-да Азат ауылында жерлеу рәсімі кезінде қоғамдық тәртіп пен айналадағылардың, соның ішінде кәмелетке толмаған балалардың қауіпсіздігіне қауіп төндірген оқиға болды. Азамат Нұрымов прокурордың заңдылықты сақтау туралы түсіндірмесін елемей, өте агрессивті әрекет етіп, айналасындағыларға қоқан-лоқы көрсетіп, суицид жасаймын деп қорқытты. Сондай-ақ полиция қызметкеріне пышақпен шабуыл жасады. Оның әрекеті өзін де, басқаларды да қауіпті жағдайға қалдырды. Туыстары мен адвокаттарының азамат Н-ның жағдайына алаңдап, оны тоқтату туралы өтінішінен кейін, оның өзіне немесе айналасындағыларға зиян келтірмеуі үшін полиция қызметкерлері оны ұстау шараларын қолданды. Азамат Нұрымов минималды күш қолдану арқылы ұсталып, қазір полиция бөлімшесіне жеткізілді. Онымен психологтар жұмыс істеп жатыр”, – деп жауап берді Алматы облысының полиция департаменті.

Полиция жағдайды тұрақтандыру жұмысын жалғастыруда және азаматтарды сабырлық сақтауға шақырады. Олар ресми дереккөздерге ғана сенуді және жалған ақпарат таратудың қылмыстық жауапқа әкелетінін ескертті.

Айта кетейік, бұған дейін Талғардың шетінен Нұрғанат Ғайыпбаевтың денесі табылғаны туралы жазған едік. Полицейлердің мәліметінше, 30 жастағы ер адам асылып, өз-өзіне қол жұмсаған.