Әлеуметтік желіде науқастан зәбір көрген дәрігердің видеосы тарады.
Фото: Instagram.com/akmaralalnazarova/aisha_ub
ERNUR.KZ. Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова мәжілісте өткен брифингте науқастан зәбір көрген алматылық гинекологтың жағдайына қатысты пікір білдірді, деп жазады stan.kz.
Әлеуметтік желіде науқастан зәбір көрген дәрігердің видеосы тарады. Жәбірленуші 2024 жылдың қараша айында әріптесі екеуіне науқастың шабуыл жасағанын айтады. Дәрігердің сөзінше, науқастың өзіне қойылған диагнозға көңілі толмаған. Ашуға ерік берген ол кабинеттегі компьютердің мониторын сындырып, дәрігелерге шабуыл жасаған. Науқас медицина қызметкеріне телефонмен соққы жасап, салдарынан көзінің үстіңгі қабағының терісін жарып жіберген.
Жәбірленушінің айтуынша, науқастың шабуылына қатысты сот процесі өткен. Әйел кінәлі деп танылып, қоғамдық жұмыстарға тартылды. Сондай-ақ моральдық шығын үшін 200 мың теңге өтемақы төлеуге міндеттелді.
Денсаулық сақтау министрі парламент мәжілісінде өткен брифинг барысында бұл жағдайдың бүкіл медицина қызметкерлерін дүр сілкіндіргенін атап өтті.
“Бір ай бұрын ғана ауыр науқастың туыстары реанимация шараларын жүргізіп жатқанда жедел жәрдем қызметкерін ұрып-соққан туралы айтылып еді. Гинекологпен болған бұл жағдайды да медицина қауымы ауыр қабылдады", – деді Ақмарал Әлназарова.
Бүған дейін Алматы қаласындағы №8 қалалық клиникалық ауруханасының науқас жанжал шығарып, екі гинеколог-дәрігерді соққыға жыққаны туралы жазған едік. Ол бір дәрігерді белден төмен жағынан теуіп, екіншісінің бетіндегі терісін жырып жіберген.