Мектептерде кітап оқып, сабақ орындайтын арнайы орындар ашылады - Министр

0
950

Министр сапалы отандық басылымдар мен авторлардың саны артып келе жатқанын атап өтті.


Мектептерде кітап оқып, сабақ орындайтын арнайы орындар ашылады - Министр

ERNUR.KZ. Білім министрі Асхат Аймағамбетов мектептер ішіндегі рекреациялық кеңістіктерде ашық кітапханалар жабдықтауға ниетті, деп жазады Stan.kz.

Министрдің айтуынша, мектеп кітапханаларынан бөлек, оқу орындарында оқушылардың кітап оқитын жері болуы керек.

"Кесте бойынша жұмыс істейтін дәстүрлі мектеп кітапханаларынан басқа, кітап оқитын, тіпті сабақ оқитын орындар қарастырып, оларға мүмкіндік бергіміз келеді", – деп атап өтті министр.

Оның айтуынша, "Оқуға құштар мектеп" республикалық жобасы ғылыми фантастика жанры мен әлемдік әдебиет үздік шығармаларының қазақ тіліндегі нұсқаларының қолжетімділігін көздейді.

"Сұраныс ұсынысты тудырады және нарықтың дамуына әсер етеді. Өткен жылы мемлекеттік тілдегі аударма әдебиеттерінің саны күрт өсті. Оқуға деген қызығушылықтың артуы қазақ тіліндегі кітаптардың сатылымына әсер етеді, биыл айтарлықтай өсім тіркелді. Оқырман ретінде қазақ тіліне сапалы аударылған бестселлерлерді көріп жүрміз. Мысалы, "Хәрри Поттер", – деді білім және ғылым министрлігінің басшысы.

Министр сапалы отандық басылымдар мен авторлардың саны артып келе жатқанын атап өтті. Ол екі жыл ішінде мектеп кітапханаларына 4 миллионға жуық әдебиет сатып алынғанын айтты. Ол жоба барлық өңірлерде бірдей сапалы жүзеге асырылмайтынын мойындап, бірақ бұл бағыттағы жұмыс жалғасатынын түсіндірді.