Материалдық негізгі ынталандыру ретінде сынып жетекшілігі мен дәптер тексергені үшін екі еселеген төлем болмақ.
ERNUR.KZ. Педагогтың еңбек дамалысы 56 күнге дейін артады. Бұл туралы ҚР Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов мәлім етті, деп жазады ҚазАқпарат.
«Заң жобасында мұғалімдердің өздерінің біліктілігін арттыруға бағытталған материалдық ынталандыру шаралары қарастырылды. Материалдық негізгі ынталандыру ретінде сынып жетекшілігі мен дәптер тексергені үшін екі еселеген төлем болмақ. Педагог шеберлігі үшін қосымша ақы ескерілген. Мұнымен қоса, тәлемгерлік үшін де үстемеақы енгізілмек», - деді министр Парламент Мәжілісінде «Педагог мәртебесі туралы» заң жобасын таныстыру барысында.
Сонымен қатар, заң жобасы аясында барлық педагогтар үшін еңбек демалысы кезеңін 56 күнге дейін арттыру қарастырылған.
«Мектептерде педогогтық қызметкерлердің сапалық әлеуетін арттыруды ынталандыру мақсатында магистр дәрежесі барларға 10 АЕК көлемінде қосымша ақы қарастырылған. Бұл норма 5 мыңнан астам педагогтарымызға қатысты болады, сондай-ақ аталған академиялық дәрежесі бар жаңа мамандарды тартуға бағытталмақ», - деді А. Аймағамбетов.