Биыл сәуір айында білім министрлігінің арнайы бұйрығы қабылданды.
ERNUR.KZ. Оқу-ағарту министрлігінің мәліметінше, мектептің жөндеу жұмыстарына ата-аналар мен мұғалімдерден ақша жинауға болмайды, деп жазады Stan.kz.
Оқу-ағарту министрлігі білім және ғылым саласында сапаны қамтамасыз ету комитеті төрағасының орынбасары Майра Мелдебекованың айтуынша, мемлекеттік мектептер әкімдікке қарайды. Яғни, мектептерді жабдықтауға, материалдық-техникалық базасын нығайтуға, сондай-ақ ағымдағы жөндеу жұмыстарына жергілікті бюджеттен ақша бөлінуге тиіс.
"Сондықтан да ата-аналар мен мұғалімдерден мектепті жөндеуге ақша жинауға болмайды. Биыл сәуір айында білім министрлігінің арнайы бұйрығы қабылданды. Бұйрықта мұғалімдерді өз қызметіне тән емес жұмыстарға тартуға, олардан министрліктің 130-шы бұйрығында қаралмаған есептерді талап етуге болмайтыны нақты көрсетілген. Сондай-ақ педагогтер жұмыс барысында пайдаланатын қағаз немесе басқа да шығындарға өз ақшасын жұмсамауы керек", - деді Мелдебекова.
Егер мектепті жөндеуге ақша жинаса, құзырлы органдарға немесе білім және ғылым саласында сапаны қамтамасыз ету комитетінің жергілікті департаментіне шағымдануға болады.
Құқық бұзу фактілері расталған жағдайда департамент қызметкерлері өздерінің консультативтік-кеңесші органында қарап, Әкімшілік құқықбұзушылық кодексіне сәйкес шара қолданады.