Мемлекет басшысы Қаратал ауданындағы әлеуметтік нысандармен танысты

0
208

Жергілікті бюджет есебінен бой көтерген 150 орындық мәдениет үйінде кітапхана, әжелер мен домбырашылар ансамбльдері, би үйірмесі секілді ұжымдар орналасқан.


Мемлекет басшысы Қаратал ауданындағы әлеуметтік нысандармен танысты

ERNUR.KZ. Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жетісу облысына сапары Қаратал ауданында жалғасты. Мемлекет басшысы Ескелді би ауылында биыл пайдалануға берілген мәдениет үйі мен спорт кешенінің ғимараттарын аралап көрді.

Жергілікті бюджет есебінен бой көтерген 150 орындық мәдениет үйінде кітапхана, әжелер мен домбырашылар ансамбльдері, би үйірмесі секілді ұжымдар орналасқан.

Мемлекет басшысы ауыл кітапханасымен танысты. Сондай-ақ өнерпаз балалармен жүздесіп, еліміздің лайықты азаматы болып өсуіне тілектестік білдірді.

Президент мәдениет үйіне музыкалық жабдықтар мен суретші Ә.Баяндиннің картинасын тарту етті.

Биыл облыстың шалғай ауылдарындағы бес мәдениет үйі күрделі жөндеуден өтіп, сегіз клуб жаңадан салынған.

Сонымен қатар бұқаралық спортты дамыту мақсатында елді мекендерде 15 шағын спорт нысаны ашылды.

Соның бірі – Ескелді би ауылындағы спорт кешені. Ауыл тұрғындары мұнда тоғызқұмалақ, шахмат, дойбы үйірмелеріне, бокс, күрес, волейбол, баскетбол секцияларына қатысады.

Президент ауыл балаларымен әңгімелесіп, мемлекет тарапынан өскелең ұрпақтың алаңсыз білім алуына, спортпен айналысуына қолайлы жағдай жасалатынын жеткізді.

Бұдан кейін Мемлекет басшысы Үштөбе қаласында орналасқан Кемел Тоқаев атындағы орта мектепке барды. Қасым-Жомарт Тоқаевқа мектеп директоры Ләззат Испанова оқушылардың жетістіктері туралы айтып, жазушы мұражайымен таныстырды. 1997 жылы құрылған музейге қаламгердің тұтынған заттары, фотосуреттері, құжаттары мен кітаптары қойылған. Президентке жазушының өмірі мен шығармашылығына арналған зияткерлік ойын және повестерінің желісі бойынша шағын қойылым көрсетілді.

Мемлекет басшысына «Кемел Тоқаев атындағы қайырымдылық қоры» атқарған жұмыстар жөнінде баяндалды. Биыл Қордың құрылғанына 15 жыл толып отыр.